Биыл Сыр өңірінде 11 елді мекен табиғи газға қосылады
Қызылорда облысының Дүр Оңғар ауылы тұрғындары «Бейнеу-Бозой» магистральды газ құбырының игілігін көргісі келеді.
Газ желісі ауылға жақын маңнан өтеді. Елді мекенге құбыр тарту үшін жергілікті шаруашылық қаржы бөліп, жобалық-сметалық құжат жасатқан. Енді ауылға көгілдір отын қашан келеді? Жауаптыларды жоспары қандай?
Қармақшы ауданының орталығы 3 жыл бұрын табиғи газға қосылды. Одан кейін Ақай және Төретам елді мекендері де көгілдір отынға қол жеткізді. Осындай игіліктен Дүр Оңғар ауылының да тұрғындары үмітті. Жергілікті тұрғын Бақытбек Тәуекеловтың отбасы жылыту маусымы кезінде кемінде 6 тонна көмір пайдаланады екен. «Күніне бірнеше рет пеш жағып, күл шығару үшін біраз уақыт зая кетеді. Ауылға газ келсе, мұндай бейнеттен құтылар едік», – дейді зейнеткер.
Бақытбек Тәуекелов, Дүр Оңғар ауылының тұрғыны:
- Айналамыз Сырдария өзенінің бойында тұрамыз. Бұрын қалың жиде, тоғай болған жер. Жыңғыл деген өсімдік бар бізде. Тамызыққа соны аламыз. Орман, тоғай мекемесінің рұқсатымен әр отбасы түсіреді.
400-ге жуық үй, 2 мыңдай тұрғыны бар Дүр Оңғар ауылына газ тарту үшін жергілікті шаруашылықтың қаржысы есебінен жобалык-сметалық құжаты да дайындалған. Бұл мақсатқа бюджеттен бөлетін қаржыны күтпей, елді мекенге көгілдір отынды барынша тез жеткізу үшін осындай шара қабылданған.
Жандос Еркінбек, Қармақшы ауданының әкімі:
- Жалпы жобаға 7 миллиард 100 миллион теңгедей қаражат қажет етеді. Сол жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен биылғы жылы бір миллиард теңге қаражат бөлінді. Сонымен қазіргі таңда конкурс нәтижесінде мердігер мекемесі де анықталып отыр. Қысқа мерзімде газ жүйесін жүргізу жұмыстарын бастап кетеміз деп жоспарлап отырмыз
Дүр Оңғар ауылына газ құбыры аудан орталығы Жосалы кентінен тартылады. Жолдағы Төребай би мен Игіркөл ауылдық округтерін де көгілдір отынмен қамту жоспарланған. Бұл жоба жүзеге асқан кезде Үшінші интернационал, Ақтөбе, Ақжар, Тұрмағамбет елді мекендерін де табиғи газға қосу мүмкіндігі туады. «Яғни, Қармаұшы ауданындағы газдандыру көрсеткішін 90%-ке жеткізуге болады», – дейді мамандар.
Бүгінде Қызылорда облысындаға ауылдарды газдандыру үшін құны 30 миллард теңге болатын 20 жоба жүзеге асып жатыр. Осылайша, жыл соңына дейін барлығы 11 елді мекенге көгілдір отын жеткізу көзделіп отыр. Жоспар жүзеге асса, аймақтағы газдандыру көрсеткіші 78%-ке жетеді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев.