Өскеменде тұрғын үйлердің 90%-ы жылыту маусымына дайын
Өскеменде мектептер мен балабақшалардың 92%-ы, ал тұрғын үйлердің 90%-ы жылыту маусымына дайын, деп хабарлайды 24KZ.
Жалпы қалада 1753 көпқабатты үй болса, соның 250-не дайындық паспорты әлі берілмеді. Мамандардың айтуынша, ол үйлердің инженерлік желілері әбден тозған. Тұрғындардың коммуналдық қызметке қарызы жылдап қордаланып қалған. Салдарынан жеке пәтер иелері кооперативтері де тиісті шара қабылдай алмай отыр. «Әсіресе Бажов атындағы және Краснознаменная көшелеріндегі үйлердің берешегі көп», – дейді басқарушы компания өкілдері. Тіпті қарызы 1 миллион теңгеден асып кеткен тұрғындар бар екен.
Қымбат Әбішева, қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі:
- Біздің тараптан біздің бөліммен осы жағдайдағы үйлермен жұмыс жасалып жатыр. Барлық кедергіге қарамастан Өскемен қаласындағы барлық көпқабатты тұрғын үй уақытымен жылу маусымына кіреді деп ойлаймыз.