Ақтөбе облысында мектеп оқушылары жұмысшы мамандығын игеріп жүр

Өңірде тәжірибе ретінде «Талапкер» жобасы жүзеге асуда, деп хабарлайды 24kz.

Пилоттық бағдарлама аясында 10-сынып оқушылары колледждерде тігінші және автомеханик, аспаз мамандығының қыр-сырын үйренеді.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Мына оқушылар автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету мамандығын оқып жүр. Пилоттық жоба аясында 10-сыныпқа көшкен жасөсіпірімдерге кәсіп үйрету қолға алынған. Мәселен, Жантас Қуанышев көлік жөндеудің қыр-сырын игеруді ұйғарыпты. Болашақта экономист-басқарушы мамандығы бойынша жоғары білім алып, кәсіп ашуды көздейді.

Жантас Қуанышев, оқушы:

- Мысалы өзімнің жеке СТО-ны аша аламын. Немесе осы автокөлікке қызмет көрсету станциясын ашып сол жерде менің 10-11-де оқыған колледж мамандығыммен және де мектептен кейін жоғарғы оқу мамандығыммен бірге екеуін қосып, белгілі бір кәсіп ашу.

Қазір өңірде бұл жоба аясында 200-ге жуық жеткіншек білім алып жүр. Облыс орталығында екі орта мектеп пен Ойыл ауданында тағы бір білім ордасының оқушылары үш түрлі колледждің студенті атанған.

Гүлдәурен Жылқайдарова, Ақтөбе автожол колледжінің құзыреттілікті бағалау орталығының меңгерушісі:

- Мектептегі олардың 4 күндік білім алуларына ешқандай кедергі жасалынып жатқан жоқ. Мектеп оқушылары жұма-сенбі күндері оқиды. Және оларға мемлекет тарапынан шәкіртақы тағайындалған.

Ел Президенті өз Жолдауында: «Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет» деген болатын. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса маңызды. Сондықтан өңірде мектеп жасынан бастап білікті маман даярлау мәселесі қолға алынған.

Дина Жаманбаева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Яғни, мектепті бітірмей тұрып олардың қолында толыққанды мемлекеттік үлгідегі жұмысшы мамандығының дипломы болады. Мектеп бітіргеннен кейін бала егер ұлттық бірыңғай тест тапсырып, әрі қарай өзінің білімін жалғастырамын дейтін болса, әрі қарай жалғастырады немесе дайын дипломмен бірден еңбек нарығына араласуына болады.

Кәсіптік білім алып жатқан оқушылардың алғашқы тобы қаңтар айында диплом алады. Жұмысшы мамандығын игерген бозбалалар мен бойжеткендерге еңбек нарығында сұраныс артса жобаға өзге де оқу ордаларын тарту көзделген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов