«Ауыл аманаты»: Жамбыл облысында 8000-нан астам адам кәсіп ашты

Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасы басталғалы 8 мыңнан астам адам кәсіп ашты, деп хабарлайды 24kz.

Олардың бизнес жобаларының жалпы құны 42 миллиард теңгеден асады. Тұрғындар қандай кәсіп түрлерін дөңгелетіп отыр?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Соңғы 5 жыл ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8 мыңнан астам облыс тұрғыны несие алды. Көбісі мал шаруашылығын ширатса, қалғандары егін, ауыл шаруашылығы кооперативін құру және қызмет көрсетумен айналысты. Мысалы, Көктерек ауылында монша, шаштараз, автокөлік жуу және құрылыс дүкені бар шағын кешен пайда болды. Бұл жобаның арқасында ауыл тұрғындарына қажетті қызметтер алу үшін қалаға барудың қажеті жоқ.

Олжас Әбілдаев, Көптерек ауылы әкімі аппаратының бас маманы:

- 2023 жылы 210 азамат несие алды. 95%-і мал бағытында алды, қазіргі таңда мал өсіру шаруасымен айналысып жатыр. Алғашқы жарналарын төлеп бастады.

Жобаға қатысушылардың тағы бірі – Жетібай ауылының тұрғыны Алексей Якоб. Ол несиелік қаражатқа ет бағытындағы 17 ірі қара мал алған. Енді мал басын екі есе көбейтуді жоспарлап отыр.

Алексей Якоб, Жетібай ауылының тұрғыны:

- Жоба туралы білгеннен кейін 2,5%-тік несиеге құжаттарды тапсырдым. Өте тиімді. Мал сатып алдық. Несиені тек бір жылдан кейін ғана төлей бастаймыз.

Бизнес-идеяларды іске асыру бойынша Жамбыл, Байзақ, Меркі және Жуалы ауданының тұрғындары көш бастап келеді. «Ауыл аманаты» жобасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізді. «Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 19 мың адамға азайды», - дейді ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дулат Оспанов.

Дулат Оспанов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Жалпы «Ауыл аманаты» жобасы 2019 жылдан бері іске асырылды. 2019-2023 жылдары осы жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен 42,2 миллиард теңге ақша бөлінді. Бұл қаражатқа 8 мыңға жуық жобалар несиелендірілді.

Биыл жоба аясында 10,5 миллиард теңгеге 1200 бизнес-жоспар бекітілді. Одан қалды Президенттің тапсырмасы бойынша облыста тауарлық кредит беруді енгізу көзделіп отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Анастасия Сүлейманова, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділда