Абай облысының Аягөз ауданында қоспәтерлі 44 үй салынып жатыр

Абай облысының Аягөз ауданында 1500 адам баспана кезегінде тұр, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір аудан орталығында көпқабатты 2 тұрғын үй салынып жатыр. Жаңа баспаналардың барлығы 2025 жылға дейін халық игілігіне беріледі. Бұған бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Баспаналар ипотекалық бағдарлама қатысушылары мен кезекте тұрғандарға үлестіріледі. Тұрғын үй құрылысы қарқын алғанымен, ауданда кезекте тұрғандар саны да екі есеге көбейген.

Балжан Оңдасынова – 2 бала тәрбиелеп отырған ана. Баспана кезегінде 10 жылдан артық тұрғанын айтады. Биыл көктемде өз үйіне қол жеткізген. Қазір мемлекет тарапынан берілген үйде тұрып жатыр.

Балжан Оңдасынова, аудан тұрғыны:

- 2024 жылдың наурыз айынан бастап алдық. Наурыз айының басында берді. Біз бір аптадан кейін кіріп алдық. Осыған дейін мен анаммен тұрғанмын. Үйді алғаннан кейін бірден ұнаттым. Өте жақсы, үй кең.

Ауданда баспанаға сұраныс артқан соң тұрғын үй салу да қарқын алған. Қазір екі 5 қабатты, 60 пәтерлі баспана бой көтеріп жатыр. Жұмыс осы қарқыннан танбаса, 2025 жылдың соңына дейін 120 отбасы қоныстойын тойлайды.

Ермек Ахметов, мердігер ұйым өкілі:

- Жұмыс қарқыны кесте бойынша келе жатыр. Материалдар уақытылы келеді. Қолданып жатқан материалдар: силикат кірпіш, қызыл кірпіш, жылытқыш материалдар, сосын «перекрытиялар».

Былтыр Аягөз ауданында «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жастарға арналған ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы арқылы 9 отбасы баспаналы болды. Бұған аудандық бюджеттен 81 млн теңге бөлінді. Қазір қоспәтерлі 44 үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Қанат Әділбай, Аягөз ауданының әкімі:

- 88 пәтер бұл үйлер, оның 50%-і ауылдық жерлерде салынып жатыр. Бұл үй құрылыстарының барлығы жылдың аяғына дейін аяқталуы керек. Содан кейін осы кезекте тұрған аудан тұрғындарына таратып береміз. Қазір көші-қон процесі өте үлкен болып жатыр. Ауылдан қалаға көшу деген сияқты. Соның барлығын тоқтатып, сол ауылдағы мұқтаж адамдарға таратсақ па деген жоспарымыз бар.

Өңірде 1500 адам баспана кезегінде тұрса, олардың мыңға жуығы – жастар. Жергілікті әкімдік құрылыс кестеге сай жүріп жатқанын айтып отыр. Тұрғын үй құрылысын 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.