Биыл Бәйдібек ауданында 7 ауыл газға қосылады

Елде кейінгі 3 жылда 2,5 мың ауылдың әкімін халық сайлады, деп хабарлайды 24KZ.

Нәтижесінде әкімдердің 90% жаңарды. Былтыр алғаш рет 45 аудан-қала әкімі жаңа тәсілмен сайланды. Олардың 60%-і – бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген түрлі кәсіп иесі.

Соның бірі – Түркістан облысы Бәйдібек ауданының әкімі. Бизнестен билікке келген әкім қалай жұмыс істеп жатыр? Тұрғындар не дейді? Инфрақұрылымы артта қалған ауданда өзгеріс бар ма?

Бәйдібек ауданы таулы аймақта орналасқандықтан, инфрақұрылым тартылмаған ауыл көп. Солардың бірі – Кеңестөбе. 2 мыңға жуық халық тұратын елді мекенде жұрт жол азабын жылдар бойы тартты. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 4 көшеге жол төселіп, аяқжолдар салынып жатыр. Жарықшамдар орнатыла бастапты.

Өмірзақ Рысбеков, Кеңестөбе ауылының тұрғыны:

- 40 жылдан бері көшелерімізге асфальт төселген жоқ. Көшеміздің, шынын айтқанда, шаңы шығып жататын. Мінекей, ауылымызға асфальт түсіп жатыр. Жарықтандыру келіп жатыр қосымша. Көгілдір отын келіп жатыр. Арманымыз біртіндеп жүзеге асып келе жатыр.

Ал Кеңес ауылының халқы енді қыстай көмір тасып, күл шығармайды.   Республикалық бюджеттен 356 млн теңге бөлініп, елді мекенге газ құбырлары тартылып жатыр. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталса, жұрт келер жылдан бастап көгілдір отынның қызығын көреді.

Мақұлбек Айтқұлбеков, Көктерек ауылдық округінің тұрғыны:

- Біздің ауданымыз шетте. Шетте орналасқандықтан, табиғи газдың келуі өте қиынға соқты. Бұрынғы кездері жаңағы газды отынды көңмен, малдың қиымен, ағашпен... Әбіржіп жататын еді. Енді газ келсе, жағдай жақсарар еді деп ойлаймын.   

Жандос Азизханов, Бәйдібек аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- 15 елді мекеннің жетеуін биыл газға қосамыз. Қалған сегізінің қаржысы 2025 жылға қаралған. 46 ауылды 2027 жылы толық газбен қамтимыз деген жоспар да бар.

Аудан тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтуге ден қойған. Ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып, халықтың тұрмысы түзеліп келеді.

Ерлан Нұрмаханов, Бәйдібек ауданының әкімі:

- Біраз елді мекендеріміздің суы 24 сағат берілмегендіктен, жолдар мәселесі бар. Күрделі электр энергиясымен қамтамасыз ету бізде басты мәселе болып тұр. Өйткені таулы аймақ болғандықтан, бағаналарымыз Кеңес Одағы кезінде салынған, оларды ауыстыру керек. Осы мәселелерді шешсек, Бәйдібек ауданындағы біраз түйткілді мәселелер шешілетін еді.

Түркістан облысында соңғы 3 жылда 4 аудан, 161 ауыл әкімі сайланды. Жыл соңына дейін тағы 11 ауыл әкімін сайлау жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы да биылғы халыққа Жолдауында бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келетінін айтты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.