15 қыркүйек – танкішілердің кәсіби мерекесі
Бүгін елде танкішілердің кәсіби мерекесі аталып өтеді, деп хабарлайды 24KZ.
1942 жылдың 15 қыркүйегінде соғысқа «Қазақстан комсомолдары» деген жазуы бар 46 танкі аттанған. Ал әскери техниканы жасауға сол кезде күллі республика жұмылды. Қазақстандық танкішілердің даңқты жолын қазіргі жас сарбаздар біле ме?
Гүрілі жер жарар шынжыр табанды техника бұл жігіттерге таңсық емес. Арнайы мақсаттағы бригада жауынгерлік көлікті басқару шеберлігін пысықтап жатыр. Әскерилердің темір құрсанған алып көлікті оп-оңай ырқына көндіргеніне қарап, бұған тек ұдайы жаттығулардың арқасында қол жетізуге болатынына кәміл сенесіз.
Мейрам Ибрагим, танк ротасының аға лейтенанты:
- Әскери қызметші болу мен үшін өте оңай. Мен өзім осы саланы таңдап, өзім осы салаға оқуға түскен адаммын. Машинаның «автомат коробкасымен» бірдей танкі. «Механика коробка» сияқты емес, тек қана алдыға, артқа жылдамдыққа салынады. Рульдің орнына 2 «рычаг» болады. Ол әр әскери қызметшіге рух береді және жауынгерлік даярлығын арттыра түседі.
Қазір танк бөлімшелері елдің әр өңірінде бар және олар кез келген жағдайға тас-түйін дайын. Ал танк командирі болу соғыстың айла-тәсілін ғана емес, сын сағатта жедел қимылдауды талап етеді. Дегенмен жауынгерлер үшін ең бастысы – тонның ішкі бауындай бірге болу.
Әділхан Дүйсенбеков, танк ротасының сержанты:
- Танкішілер бір-бірімен өте тату. Себебі жеке дара берген тапсырманы орындау мүмкін емес. Бір экипажда 3 адам болады, олар қай кезде де бір-біріне көмектесіп отырады. Алып механизмнің 3 бөлшегі секілді, әскери бұйрықты орындау үшін үшеуі де күш салуы қажет.
Экипаж құрамындағы жігіттердің дені танкіші болуды бала кезден армандаған. Олардың ізін қуып, өмірін Қарулы Күштермен байланыстырғысы келетін жастар да аз емес. Жауапты һәм абыройлы міндеттің жүгін арқалаған азаматтар кәсіби мерекесін әдеттегідей жауынгерлік бекетте қарсы алады.
Айдос Төлеке, танк ротасының механигі:
- Танк роталарының мерекесімен құттықтаймын. Отбасыларына бақыт, дендеріне саулық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Танкішілер үшін басты қасиет – әскери тәртіпті бұзбай, жақсы маман болып, өз міндетін жақсы атқару.
Бүгінде бұл оғландар қазақстандық танк әскерінің даңқты жолын абыроймен жалғастырып жүр. Елдің тыныштығын бәрінен биік қоятын жауынгерлер үшін бастысы – антқа адалдық.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Рауан Қалыбаев.