«Ауыл аманаты»: Алматы облысында мыңнан астам жоба жүзеге асты

Алматы облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша мыңнан астам тұрғын жеңілдетілген несие алды деп хабарлайды 24kz.

Шалғай ауыл тұрғындары 2,5%-тік жеңілдетілген несие рәсімдеп, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Елдің бұл өңірінде былтыр ауыл тұрғындарын несиелендіруге 8,3 миллиард теңге бағытталған. Жобалардың көбі мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Қыз жасауын жасайтын тігін цехтарын ашып, бие мен түйе сауып, ұлттық сусын өндірумен айналысып жатқан кәсіпкерлер де бар.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Жамбыл ауданындағы Дегерес ауылдық округіне қарасты Бесмойнақ ауылының тұрғыны Бағила Қызыр «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 5 млн теңге несие алды. Сол ақшаға жүн түтетін аппарат сатып алып, үйінен тігін цехын ашты. Ол қазір ауылдастарының ескірген көрпе-жастығын жаңартып, қызы тұрмысқа шығатын үйдің жасауын дайындап береді.

Бағила Қыдырқызы, кәсіпкер:

- Жақсы, осы ашқалы бері кредитімнің жартысы болмаса да, біраз бөлігін жинап қойдым. Өзіміз отбасымызбен жұмыс істеп, осымен кәсіптеніп жатырмыз. Жолдасым бұрын сыртта жұмыс істеп жүретін. Қазір үйдеміз бәріміз, бір отбасыны асырап отырмын. Ауылдағылар қойдың жүні деп, көбі қойдың жүнімен тапсырыс береді қазір. Қаладан да естіген кісілер тапсырыс беріп, істетіп жатыр.

Бақыт Дәулеткелді, кәсіпкер:

- Жұбайымыз екеуміз осылай жұмыс бастадық. Қазір осының ремонтын, соның барлығын өзім істеймін негізі. Енді бізге жүн жуатын аппарат керек. Кәсіп қылғаннан кейін ақырына бару керек қой кішкене. Жүннің өзі килограмы сатып алсаңыз, мысалы, мың теңгеден аласыздар жуылған дайын жүнді. Өзіміздің өндіргеніміз жақсы ғой, ауылда жүн деген жетеді.

Ал Жайсаң ауылының тұрғыны Айташ Мүтәліпұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 6 млн 400 мың теңге несие алған. Оған 8 түйе сатып алып, қазақтың ұлттық сусыны шұбат өндіруге бет бұрды. Өйткені ол тұратын ауыл түйе шаруашылығына қолайлы. Мұнда ойсылқара түлігі сүйіп жейтін тікенді шөптер, әсіресе, жантақ көп өседі. Кәсіпкер айына жарты тоннадай шұбат өндіреді.

Айташ Мүтәліпұлы, Жайсаң ауылының тұрғыны:

- Сұраныс өте жақсы. Келгенде осы ауылға халық өте қуанды. Кейбір кісілер енді түйені көрмеген. Үлкен кісілердің көбі көрген. Сауып ішкен, сүтін ішкен, шұбатын ішкен. Олар тіпті ерекше қуанды «Ой, ауылымызға шұбат келді, түйе келді», деп. Енді жалпы халық қолдап, бәрі алып жатыр. Үлкен кісілерге, балаларына алып беріп жатыр.

Нұрлан Ертасұлы, Жамбыл ауданының әкімі:

- Тікелей ауылдық елді мекенге қажет деген бағдарламаның бірі мынау «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Енді бүгінгі күнде біздің аудан бойынша 131 тұрғынымыз осы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қажетті қаражаттарын алды. Оның сомасы 1 млрд теңгеден астам қаржы бүгінгі күнде жұмсалып отыр.

Ауыл тұрғындары өздері өндірген өнімді Алматыдағы ірі базарларға да өткізеді. Олар «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша берілген жеңілдетілген несиені мал шаруашылығымен қоса, ауыл шаруашылығы техникаларын алып, жер игеруге, жүн өңдеуге және шаштараз, техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашып, алма бақтарын қайта қалпына келтіруге бағыттаған.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов