Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға газ тасымалдау артады
Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға жеткізу көлемі 4 есе артады, деп хабарлайды 24kz.
Қазір көгілдір отын тасымалы жылына 3 миллиард текше метр болса, 2026 жылы оның мөлшері 11 милларрд текше метрге жетеді деген жоспар бар. Сол арқылы Қазақстанның транзиттен түсетін табысы ұлғайып, газ тасымалдау инфрақұрылымы кеңеймек. Әрі оны жаңғыртуға мүмкіндік туады.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Қашқадария өлкесіндегі бұл зауыт табиғи газды қайта өңдеп, жанармай алып отыр. Бірнеше жыл бұрын іске қосылған өндірісте көгілдір отын негізгі шикізат көзіне айналған. Мұндай тәжірибе әлемде сирек кездеседі. Тек санаулы мемлекет синтетикалық мұнай өндірісіне көшкен.
Бұл іс Өзбекстанның табиғи газға деген сұранысын арттыра түскен. Жылдан жылға халықтың да қажеттілігі ұлғайып барады. Оны өтеуге негізінен ел ішінде өндірілген газ қолданылса, импорттық өнім өндіріс ошақтарына бағытталады.
Бахтиёр Эргашев, энергетика саласы бойынша сарапшы:
- Орталық Азиядағы демографиялық ахуал жақсарып келеді. Өзбекстан ғана емес, Қазақстан мен Қырғызстанда да халық саны өсуде. Бес мемлекет экономикалық тұрғыда орташадан жоғары өсім көрсетіп жатыр. Сәйкесінше, кез-келген энергия ресурсын тұтыну көлемі ұлғаяды. Мәселен, Өзбекстан бір кездері газ өндірісі бойынша өзі көш басында болып, оны сыртқа экспорттаса, қазір жағдай өзгеріп отыр.
Өзбекстанға импорттық газдың басым бөлігін қазір Ресей мен Түрікменстан жеткізіп жатыр. Ресейлік тарап өнімді Қазақстан аумағы арқылы тасымалдайды. Бұл ретте еліміз үшін транзиттен түсетін біршама пайда бар. Транзит былтыр қазан айында басталған. Екі жылдық келісім бойынша онымен тәулігіне 9 млн, ал жылына 2,8 млрд текше метр газ тасымалданады.
Бахтиёр Эргашев, энергетика саласы бойынша сарапшы:
- Өткен жыл газға деген сұраныстың артатынын көрсетті. 2,8 млрд текше метр ол тек бастамасы ғана. Менің ойымша, ол жақын уақытта 10 млрд-қа жетуі ықтимал. Бұл ретте Қазақстан транзиттік мүмкіндік ұсынады. Демек жобаға үш тараптың да қызығушылығы жоғары.
Ресей газын Өзбекстанға жеткізу көлемі тағы арттыру жөнінде мәміле де жасалған. 2026 жылы оның мөлшері 11 млрд текше метрге жетпек. Бұдан бөлек, үш ел бірігіп, «Орталық Азия – Орталық» газ құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайтпақ ниетті.
Авторы: Рауан Мыңбаев