Жамбыл облысында ауыл тұрғындары өз қаржысына спорт кешенін салып жатыр

Жамбыл облысындағы Тәтті және Кеңес ауылдарының тұрғындары өз қаржысына спорт кешенін салып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Бұл – мектеп түлектері мен ауылдан шыққан кәсіпкерлердің игі бастамасы. Мысалы, Тәттіде кәсіпкер төртінші нысанды сыйға тартпақ.

Тәтті ауылындағы спорт кешенінің құрылысы маусым айында басталды. Нысанның ауданы шамамен 600 шаршы метр болады. Мұнда жастарды бокс, еркін күрес, дзюдо мен қазақ күресіне баулып, алдағы уақытта кикбокс секциясын ашу жоспарда бар. «Жоба құны 300 млн теңге», - дейді ауыл әкімі.

Талғат Әлметов, Тәтті ауылдық округінің әкімі:

- Көкебаев Бисен Керімбайұлы біздің ауылымыздың тумасы, ауылымыздың азаматы, ауылымыздың ағасы. Қазіргі таңда спорт кешенін соғып беріп жатыр. Бұған дейін ауылымызға фельдшерлік пункт соғып берген болатын Тәтті бекетінде 12 млн-ға. Ауылымыздың азаматтары, қазір қолданыста, барып-келіп сол жерде ем алып жатыр. Одан бұрын 2000-жылдары кірпіш зауытын соғып берген болатын ауылымыздың азаматтарына жұмыс орнын ашып. Болашақта да ауылымзға көптеген еңбегі сіңеді деген ойдамыз.

Қазір құрылыстың 80%-і аяқталған. Республика күніне орай пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Бұл – ауыл тұрғындарының көп күткен қуанышы», - дейді бокстан 30 жылдық тәжірибесі бар жаттықтырушы Мұрат Ниязәлиев.

Мұрат Ниязәлиев, бокстан жаттықтырушы:

- Біз мектепте жұмыс істейтінбіз. Мектептің залы тар, балалар сыймайды. Содан кейін кейде аулада жұмыс істейміз. Ауылдан жақсы балалар да шығып жатыр. Мастер спорта, кандидат мастер спорта, призер Қазақстан бар біздің ауылда. Шығып жатыр. Жаңадан соғылып жатыр екен спорт кешені. Сол ертерек бітсе, біз сол жаққа көшсек па деп отырмын.

Жорабек Баубеков, Меркі ауданының әкімі:

- Біз былтыр Сарымолдаев және Андас батыр ауылдарында 2 спорт кешенінің құрылысын бастадық. Андас батыр ауылындағы спорт кешенін салу жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр. Ал Сарымолдаев ауылындағы құрылыс мердігердің салғырттығынан кешігуде. Соттасып, жеңдік. Дегенмен, ол нысанды уақытында тапсыру мүмкін болмай отыр.

Әзірге Меркі ауданында бір ғана дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. Қазір Тәтті ауылы ғана емес, Кеңес ауылының тұрғындары да өз қаражатына спорт кешенін салып жатыр. Өйткені ауыл халқының 40%-ке жуығы спортпен шұғылданады. «Құрылыс жұмыстары аяқталса, бұл көрсеткіш әлі де артады, дейді жергілікті билік

Авторлары: Асланбек Шығыр, Анастасия Сулейманова, Бакытжан Бапаев, Эльдар Байдилда