Оралда ескі үйлерді жаңғыртуға қаржы бөлінеді
Оралда 1 мың 674 үй болса, соның 987-ісіне жөндеу қажет.
Жергілікті билік осының ішінде көппәтерлі 8 үйді жаңғыртуды көздейді. Қазір мердігер іздеп жатыр. Ал өзгесі тұра тұрады. «Өйткені барлығын бірдей қазына қаржысына қалыпқа келтіру мүмкін емес», - дейді мамандар.
Жаңартылатыны – орталық көшелерде орналасқан, шаһардың сәулетін бұзып тұрған көне ғимараттар. Бұл нысандарға бюджет есебінен кезең-кезеңімен жөндеу жүргізіледі.
Назарбаев даңғылындағы 4 қабатты мына үй осыдан 60 жыл бұрын салынған. Содан бері дұрыс жөндеу көрмеген. Сыртқы сылақтары сетінеп, төбесі тозып тұр.
Галина Пархоменко, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
- Осы айналада тек бір үйдің ғана шатыры жөнделді. Ал қалған үйлердің тұрғындары мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғынжайларын жаңғыртуға келісім бермеді. Жөндеуге келіспейді, жиналысқа келмейді. Ол үйлер орталық даңғылда орналасқан, ал сыртқы келбеті мынау. Не істей аламыз? Пәтер иелері кооперативі өз күшімен шатырларды жаңарта алмайды. Бәрі қымбат.
Қаланың көркіне нұқсан келтіріп тұрған осындай көне үйлерді жаңғыртуға енді қазынадан қаржы бөлінеді. Орал қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беру, көппәтерлі тұрғын үйлердің шатыры мен қасбеттерін күрделі жөндеу қағидаттарына сәйкес 90 үй таңдап алынды. Ол үйлер орталық даңғылдарда орналасқан. «Қазір осы 90 үйдің 38-не сметалық құжаттар әзірленсе, 38-дің 8-ін жөндеуге мердігерлер анықталуда», - дейді қала әкімдігі.
Нұртілеу Шайдығалиев, Орал қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- 8 үйде негізгі жасалатын жұмыстар – үйдің шатырын толықтай ауыстыру, екінші жұмыс үйдің қасбеттерін сырлау, әктеу, қалпына келтіру жұмыстары. Кейбір үйлерді білесіздер әбден тозығы жеткен, тастары құлап жатыр. Сол тастары құлаған жерлерді қайтадан қалпына келтіретін боламыз. Балкондардың профлисттері ұшып кеткен жерлері бар, соларды бірыңғай профлистпен қаптайтын боламыз.
Мамандардың мәлімдеуінше бір үйді жөндеуге 30 миллионнан 100 млн теңгеге дейін қаржы жұмсалады. Жалпы қала бойынша 90 үй бюджет есебінен жаңарту 2027 жылға дейін аяқталады.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов