Атырауда иісшіл иттер пошта қызметін де тексереді
Атырау облысында поштамен келген заттарды иісшіл иттер тексереді.
Мақсат – сәлемдемелер арқылы қауіпті, зиянды затардың жолын кесу.
Былтыр тіпті түрмеге жолданған сәлем-сауқаттың арасынан иісшіл иттер есірткі тапқан. Қазір өңірде аптасына үш рет пошта арқылы келген заттар иттердің көмегімен тексеріледі.
Спаниель тұқымдас «Хан» 4 жылдан бері қылмыстық істерді ашуға жәрдемдесіп жүр. Иісшіл иттің көмегімен жыл басынан бері 30-ға жуық заңсыздық әшкереленген. Төрт келіге жуық есірткіні тауып, қылмыстың жолын кесті. Ал қазір аптасына үш рет пошта арқылы жеткізілетін сәлемдемелерді тексереді. Себебі арнайы құрылғылар анықтай алмаған күдікті заттарды иісшіл иттер бірден табады.
Елдар Сағындықұлы, кинолог:
- Поштаның СБ-сы бар, өздерінің шақыртуымен өздері хабарласады, өздері айтады. Осындай күдікті зат келіп тұр, соны тексерейік дейді. Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасымен бірге бірлесіп келіп тексереміз. Бір күнде бір объект болуы мүмкін, бір күні 3 объект болуы мүмкін. Әртүрлі. Жұмысқа байланысты біз талғамаймыз. Қазір мынаны тексеріп болсақ, сосын колледжге кетеміз.
Кинология қызметін көзге көрінбейтін тыныштық сақшысы десе де болады. Ерекше мамандық иелері иісшіл иттердің көмегімен жыл басынан бері 150-ге жуық қылмыстық істі анықтаған.
Ринат Ержанов, облыстық ПД кинология қызметі орталығының бастығы:
- Ұрлық, тонау, қарақшылық, одан бөлек есірткі заттарын іздеу бағытында қылмыстық құқықбұзушылықтар анықталды. Қалада орналасқан қылмыстық атқару жүйесімен бірлесе жаза өтеу мекемелерін тексереміз. Біздің мақсат – оқиға орнына барғанда, я болмаса мекемелерді тінту барысында, біз анықтап, әрі қарай өзіміздің баяндамамызды жазып көрсетеміз. Әрі қарай құзіретті органдар айналысады.
Кинологиялық қызмет орталығында қазір 18 ит бар. Әрқайсысының қызметтік желісі де бөлек. Оларға қылмыскерді іздеу, жарылғыш және есірткі заттарын анықтау секілді жұмыстар жүктеледі. Бұдан бөлек із кесуші иттер жоғалған адамдарды да табуға жәрдемдесіп жүр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов