Құсбегілікті шетелдіктер үйреніп жүр

Құсбегілікті шетелдіктер үйреніп жүр

Қазақтың қыран баптап құс салу дәстүрі талайлардың таңдайын қақтырды.

Мұны кешегі өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында аңғардық.

Шетелден келген меймандардың саятшылық өнерге қызыққаны былай тұрсын, қазақтың құсбегілік өнерін арнайы үйренуге келгендер де бар екен. Солардың бірі түркиялық мейман.

Түркиялық Недімді саятшылық өнері қызықтырған. Өз айтуынша осыдан екі жыл бұрын құсбегілікті үйрену үшін Қазақстанға арнайы келген. Осындағы құсбегілермен танысып, құс салып, аң аулауды үш айда меңгеріп алдым дейді. Ол қазақ тілінде еркін сөйлейді. Қазір Түркиядағы жоғары оқу орындарының бірінде қазақтың салт-дәстүрлері туралы сабақ береді.

Қызылбұға Недім, құсбегі:
- Қазақстанның Түркістан, Үржар, Павлодар қалаларында болдым. Бүркітшілердің ауылдарында қонақ болдым. Үйлерінде болып, бүркітшілік дәстүрін үйрендім. Қазақстанда қазақ тілін үш айда меңгердім. Қазақтың тілін көшедегі адамдардан үйрендім. Осылай қазақша сөйлеймін. Қазақшадан басқа түрк тілі ана тілім оны білемін

Құсбегілікті кәсіп еткендердің бірі – мажарстандық Бато. Оның айтуынша өз елдерінде «Отанға орнығу» деп аталатын дәстүр бар. Бұл 9-шы ғасырдан бастау алған. Сондай-ақ, қазақтың Самұрық құсы секілді, біздің де «Турул» деп аталатын аңызымыз бар дейді. 

Бато Миклос, құсбегі:
- Мажарстаннан келдім, құсбегілікпен шұғылданғаныма отыз жыл болды. Бұрын қаршыға салушы едім, қолыма қыран қондырғалы алты жыл болды. Ал Көшпенділер ойындары өте қызықты болды. Жан-жақтан құсбегілер келді. Қазақстан осы сайысты ұйымдастыруымен ерекшелініп тұр.

Құс баптап, қыран қалықтатып, қиқуға қиқу қосып, аламанда ат оздырған қазақ салтына шетелдік меймандардың қызыға қарауы құптарлық. Себебі, қазақ өнері мен дәстүрінің озбаса тозбайтынын кешегі өткен Көшпенділер ойыны көрсетті.

Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Артур Горшняков