Елімізде күн сайын екі әйел қатерлі ісіктен көз жұмады
Елімізде 1 қазаннан бастап адамның папилломавирусы инфекциясына қарсы вакциналау басталады, деп хабарлайды 24kz.
Мамандар жатыр мойны обырының дамуын тежейтін жалғыз әдіс вакцина екенін айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен 135 елде, оның ішінде Қазақстанда адамның папилломавирусы инфекциясына қарсы вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Әлемдік зерттеулер бұл екпенің қауіпсіз әрі тиімді екенін көрсетіп отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде күн сайын екі әйел қатерлі ісіктен көз жұмады. Жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жағдайы тіркеледі. Яғни күн сайын бес адамнан анықталады. Өкініштісі сол, жылына 600-ден астам әйел осы дерттен қайтыс болады. Ал министрлік әлеуметтік желілерде аталған вакцина жайлы теріс ақпараттардың тарағанын ескертіп, шындыққа жанаспайтынын жеткізді.