ШҚО-да жыл соңына дейін 11 млн түп көшет егіледі

Шығыс Қазақстанда жыл соңына дейін 11 миллионға жуық көшет егіледі, деп хабарлайды 24kz.

"Бұл орманды өлкедегі жасыл желек аумағын ұлғайтудың тек бастамасы", – дейді мамандар. Қазір облыстағы тұқымбақтарда жұмыс қызған. Өйткені күзгі ағаш егу науқаны жақындап қалды. Қазір шырша мен самырсынның  бүршіктері жиналып жатыр. 

Риддер орман шаруашылығында қазір ең қарбалас кез. Ағаш бүршіктері жиналып жатыр. Орманды ұлғайту дәл осы шарадан басталады. "Иін тіресе өскен жасыл желектің артында жанталасқан еңбек тұр", – дейді мамандар. Бүршіктерді сұрыптау, кептіру, іріктеу, ең жауапты жұмыс.

Арай Атантаева, Риддер орманшылығының басшысы:

- Өте ұзақ процесс, үлкен жұмысты талап етеді, сондықтан адамдар өсірген оңай, орманның өсуі оңай деп ойлайды, бірақ ол сондай үлкен еңбекті талап етеді.

Бұл орманшылық биыл өрттен аман. «Дегенмен әлі салыстыруға болмайды», – дейді мобильді топ жетекшісі Талғат Мұратаев. Өйткені аяқасты от тисе, 160 адам жұмыс істейтін ұжымның еңбегі босқа кетуі мүмкін. Аталған мекеме соңғы екі жылда 1 млн 200 мың түптен аса көшет еккен.

Талғат Мұратаев, мобильді топ жетекшісі:

- Өрт  болса, бірден орман шаруашылығын хабардар етіп, өшіре бастаймыз. Өзіміздің шамамыз жетпей жатса, адамдарды көмекке шақырамыз.

Облыстағы орман қоры 3 млн гектарға жуықтайды. Соңғы 5 жылда соның 8,5 мың гектарға жуығын қызыл жалын жалмады. Сондықтан өлкені көгалдандыру барысын үзбеу маңызды. Мемлекет басшысы әр Жолдауында көгалдандыруды көбейтіп, орман-тоғайды молайту шараларын «халықтық идеяға айналдыру керек» деп ескертіп келеді. Мәселен, елдегі «Таза Қазақстан» акциясы осы үдеден шығып  жатыр.

Самат Сүлейменов, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- «Таза Қазақстан» акциясы бойынша ШҚО-да биылғы жылы көктем кезінде 55 мыңнан аса көшет отырғызылған болатын. Әсіресе ШҚО елді мекендердің ашық жатқан аймақтарына көп көңіл бөлінді. Өскеменнің өзіне шеткі салынып жатқан аудандарына және Ұлан ауданындағы аудан орталығы мен ашық жатқан аймақтарда жасыл желек егілген болатын.

Былтыр облыста жалпы 8 млн көшет егілсе, биыл бұл көрсеткіш 11 млн түпке жуықтайды. Сала мамандарының айтуынша, алдағы екі жылда тағы 50 млн ағаш егу жоспарланған.

 

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов