Елордада этносаралық қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды
Этносаралық қақтығыстардың алдын алу үшін ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу керек. Жалпыреспубликалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры осылай деді.
Талғат Қалиевтің айтуынша, осылайша еліміздің бірлігі артып, этностар арасындағы келісім нығаяды. Конференция соңында қатысушылар алдағы жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындайтын резолюцияны қабылдады. Онда этносаралық қатынастарды нығайту жөніндегі ақпараттық жұмысты күшейту және ағартушылық қызметті жандандыру қажеттігі жазылған.
Талғат Қалиев, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры:
- Негізі қақтығыстар ересектер арасында емес, балалар арасында туындайды. Яғни кейбір түсініктер, көзқарастар балалық шақта қалыптасады. Мәселен, бүлдіршін кішкентайынан бойына ксенофобия сияқты жағымсыз қасиеттерді сіңіруі мүмкін. Сондықтан педагогикада тың әдістерді қолданып, оқушының түсінігі дұрыс қалыптасуына жағдай жасау керек. Яғни балалардың түрлі ақпарат ағынының жетегінде кетпеуі үшін ұстаздар да заманауи, қызықты тәсілдерді қолдануға тиіс.