Ресейден 526 тонна бидай заңсыз кіргізілді

Елге Ресейден заңсыз әкелген 526 тонна бидай анықталып, кері қайтарылды.

Дәнді дақыл Саратов және Тула облыстарынан Шымкентке жеткізілмек болған. Мұны Батыс Қазақстан облысының фитосанитариялық бақылау бекеті анықтады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекция комитеті төрағасы Дархан Әбідікәрімовтың айтуынша былтырдан бері 9 986 тонна бидай елге заңсыз кіргізілмек болған. Бұл орайда қаржылық мониторинг агенттігі 41 қылмыстық іс қозғады. Айта кетейік, биыл 26 шілдеде ішкі нарықты қорғау үшін Қазақстан аумағына көліктің барлық түрімен бидай әкелуге тыйым салынған.

Дархан Әбдікәрімов, ҚР АШМ мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы:
- Шілде айының 21-нен басталған тыйым салыну бойынша бүгінгі таңда 25 вагон, 1 719 тонна заңсыз әкелінген бидай белгілі болып, біздің аумақтық инспекциялар қазір айыппұлын салып, істерін сотқа тапсырып қойды. Одан басқа шекараға келген бетте кейін қайырып жіберіп жатқан фактілер бар. Бүгінгі таңда мұндай фактілер бойынша 2004 тонна бидай Ресей еліне кейін қайтарылды.