Қызылжар өңірінде 2 млн тонна бидай жиналды
Солтүстік өңірде күн ашылып, егінге қайта орақ түсті.
Диқандар қазір 2 миллион тонна астық жинаған.
Күзгі дала жұмыстарына 7 мыңнан аса комбайн жұмылдырылған. Ал енді биылғы егінінң шығымы қандай, сапасы не күйде?
Биылғы күз солтүстік қазақстандық диқандар үшін оңайға соқпады. Орақ науқаны басталар тұста толассыз жаңбыр жауып, дала жұмыстары тоқтап қалды. Енді күн ашылып, комбайндар егіс алқаптарына шықты.
Берік Бимідінов, бас агроном:
- Жаңбыр көп болған соң қиыншылық болды. Оған қарамай жинап жатырмыз бидайды. Сапасы жақсы.
Биыл облыс бойынша 4 жарым млн гектар жерге дән себілді. Жауын-шашын бидайдың ылғалдылығына әсер етпей қойған жоқ. Сондықтан қырманда астықты кептіру жұмыстары қатар жүріп жатыр.
Андрей Пахомов, шаруашылық директоры:
- Күніне 300 тонна бидайды кептіріп жатырмыз. Қондырғылар тәулік бойы жұмыс істейді. Құрғатылған өнімді қоймаға сақтап, келер жылға тұқым қорын жинай бастадық.
Өңірде 50-ге жуық элеватор бар. Жиналған астықты кептіріп сақтауға Үкіметтен арзандатылған қосымша жанар-жағармай берілді.
Ерсайын Досымбетов, ҚР АШМ егіншілік департаментінің бас сарапшысы:
- СҚО бойынша лицензиялық астық қабылдау кәсіпорындарына бүгінгі күні түскен жалпы көлемі 340 мың тоннаны құрайды. Алқаптың 2,1 млн тонна астығы жиналды. Оның гектарына жалпы өнімділігі 17,1 центнерді құрайды.
Өңірде орақ науқанын ұйымдастыру жөнінде жедел-штаб құрылған. Ендігі міндет – әр ашық күнді мейлінше пайдаланып, ырыс дәнін ысырапсыз жинап алу.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков