Жетісу қант қызылшасын жинай бастады

Ал Жетісу шаруалары қант қызылшасын жинай бастады.

Биыл аймақтағы 600-ге жуық шаруа 13 мың гектардан астам жерге тәтті тұқым еккен. 

Ала жаздай баптаған өнімін диқандар қазір өңірдегі екі қант зауытына өткізіп жатыр.

Мақсат Мұхаметкәрімұлы жинаған өнімін алғашқылардың бірі болып зауытқа әкелді. Былтыр 5 гектарға қызылша еккен ол биыл егістік алқабын бес есе ұлғайтқан.

Мақсат Мұхаметкәрімұлы, шаруашылық жетекшісі:
- Биыл қант қызылшасын жинайтын комбайн алғанбыз. 50 пайыз Үкіметтің қолдауымен. Соны алып, өте тиімді, уақытылы жинап жатырмыз. Орташа есеппен бір гектардан 70 тоннадан айналып жатыр. Басқа алқаптарымыз бар, ол жақта 90 тоннадан аламыз ба деп отырмыз.

Жиын терін науқанына байланысты зауыт күшейтілген жұмыс кестесіне көшірілді. Кәсіпорын таңғы сегізден кешкі сегізге дейін өнім қабылдайды.

Алтынбек Абатов, қант зауытының директоры:
- Зауыттың жылдық қуаттылығы 200 мың тонна. Биыл біз 250 мың тонна қабылдаймыз деп отырмыз. Себебі биыл барлық жерде қант қызылшасы жақсы болды.

Ақсу ауданындағы зауыт та қант қызылшасын қабылдап жатыр. Еліміздегі ең үлкен зауыттың биыл зертханасы жаңартылды. Қазір қызылшаны сығатын құрылғысы және үш қазандығы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Жұмыс аяқталғанда кәсіпорын тәулігіне 3 500 тонна өнім өңдеп, алғаш рет толық қуатымен жұмыс істейді.

Самат Нәдірбайұлы, қант зауытының бас директоры:
- Үкіметтен қазір бізге арзандатылған бағамен мазут әкелініп бергелі жатыр. 23 мың тоннаға дейін. 23 мың тонна 400 мың тоннадан аса қылшаны өңдеуге жеткілікті.

Өткен жылы Жетісу облысындағы 8 мың гектардан астам жерге қызылша дәні себілді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде егістік алқап көлемі жыл сайын ұлғайып келді.

Нұрдәулет Кененбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Жалпы облыс бойынша 593 қант қызылшасын септі. Соның 2 340 Ақсу, Сарқан, Алакөл ауданының шаруашылықтары болса, қалғаны осы бес өңірдікі. Жалпы облыс бойынша 615 мың тонна қант қызылшасы өндіріледі деп күтілуде.

Жақын күндері Жетісуға Жамбыл облысынан 100 мың тонна тәтті түбір жеткізіледі. Оған жергілікті шаруалардың өнімін қосқанда қант қызылшасының көлемі 715 мың тоннаға жетеді. Саладағылар одан 85 мың тонна қант алуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев