Меркі ауданында бөгеттердің құрылысы тоқтап тұр
Жамбыл облысының Меркі ауданында 3 бөгет салуға бюджеттен 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлініп, құрылыс былтыр басталған еді.
Алайда биыл берілуге тиіс нысандардың құрылысы аяқталмай қалды. Жауаптылардың айтуынша, жобаның бірнеше жылға кешігетін түрі бар. Мәселе неде?
Меркі ауданындағы Андас деп аталатын шағын су бөгеттерінің құрылысы былтыр маусым айында басталды. Гидроқұрылымдардың жалпы көлемі 1,5 миллион текше метрге жуық. Нысандарды салуға республикалық қазынадан 1 миллиард 112 миллион теңге бөлінді. Дегенмен бұл қаражат құрылысты аяқтауға жетпей қалды. Қазір бір тоғанның құрылысы жарты жолдан тоқтап тұр. Ал қалған екеуін мердігер өз қаржысына бітірді.
Тұрар Дулатбаев, аудандық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Андас-1 су тоғанының мердігері өз қаражаты есебінен толық жұмыстарын аяқтады. Андас-2 бойынша Тараз строй - 2004 ЖШС өз қаражаты есебінен толық жұмыстарын аяқтап бітірді. Андас-3 су тоғаны бойынша қаражат толық бөлінбеуіне байланысты, ол жерде біраз өзгерістер қажет болуына байланысты жұмысы тоқтап тұр.
Осылайша тапсырыс беруші басқарма 2 су жинақтау орынын салған мердігерлерге 88 миллион теңге қарызданып қалды. Осы берешек пен 3-су қоймасының құрылысын аяқтау үшін тағы 686 миллион теңге қажет. «Бірақ бұл қаражат биыл бөлінбеді», - дейді аудан әкімі Баубек Жорабеков.
Жорабек Баубеков, аудан әкімі:
- Бұл жоба Меркі ауданында жүзеге асқанымен, облыстық құрылыс басқармасы жетекшілік етуде. Басқарма тарапынан жобаны жалғастыру үшін республикаға өтінім хаттар жолданды. Бірақ биылға қаржы бөлінбеді, қолдау таппады.
Жәнібек Қайшыбекұлы, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің басқарма басшысы:
- 2024 жылы республикалық бюджеттен қолдау таппауына байланысты қаржыланбаған. Дегенмен 2025 жылы бюджет қалыптастыруға немесе бюджеттің нақтылауы кезінде қайта өтінім ұсыну жоспарланып отыр.
Аймақта алдағы жылдары 8 кіші су қоймасы жергілікті бюджеттен, тағы 3 ірі нысанды республикалық қаражат есебіне салу жоспарланып отыр. Талас өзенінде Ақмола, Шу арнасы бойынан Қалғұты мен Ырғайты су қоймалары салынады. Олардың жалпы сыйымдылығы 52 миллион текше мерт. Жоба жүзеге асса, аймақтағы су тапшылығы ішінара шешіліп, трансшекаралық суға тәуелділік төмендейді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділді