Жұмысшы құқығына көз жұматындар әлі де көп

Биыл елде міндеттен тыс жұмысқа жегілгендер саны үш есеге артқан, деп хабарлайды 24KZ.

Бас прокуратура келтірген статистикада былтыр ырқынан тыс жұмыс істеу дерегі бойынша 60 жағдай тіркелсе, биыл олардың саны 200-ге жеткен. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 13 мың кәсіпорынның 363-і жұмысшының құқығын бұзғанын анықтаған.

Астана тұрғыны Немат Әлиев қаладағы құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істеген. Іргетасы мен қабырғасын тұрғызып, шатырына дейін жапқызған жұмыс беруші көк тиын да төлемепті. Жарты жыл бойы еңбек ақысын ала алмаған жұмысшы полицияға да, сотқа да арызданған. Бірақ құрылыс компаниясымен еңбек шартына тұрмағандықтан, құзырлы орындардан көмек болмаған. Ақыры кәсіподақтар федерациясының көмегімен 2 млн теңгесін өндіріпті.

Немат Әлиев, қала тұрғыны:

- Құрылыс компаниясы бізге еңбек демалысын және қосымша сыйақылар беру керек екен. Өз құқығымды білмегендіктен бәріне келісіп жұмыс істей бергенмін. Уақытылы жалақымызды төлмеген соң, біз компания басшысын іздей бастадық. Көмекшілері ол шетелде жүр деп, басшысына шаң жуытпады.

Немат секілді құқығы бұзылған 2 мыңнан аса азамат кәсіподақтар федерациясына шағымданған. Ал ұжым болып басшылық жұмысына арызданғандар саны – 65.

Қайрат Отаров, ҚР Кәсіподақтар федерациясының өкілі:

- Бізге жүгінген 2 мыңнан аса адам болатын болса, 77%-нің сотқа дейін шешу мәселелері қаралды. Сотта соның 50%-інің  құқығын қорғап шықтық. Кейбір кездері жұмысшылар құқықтарын білмегендіктен өзін қорғай алмай қалады. Ол кезде бізге жүгінуге болады. Біз ақысыз көмек көрсетеміз.

Ал жауапты министрлік өкілдері көрсеткіштің өсуін халықтың құқықтық сауатының артқанымен байланыстырады. Алайда жұмысқа орналасып тұрып, еңбек шартын оқымайтындардың саны әлі де көп екен.

Бибарыс Тәңірбергенұлы, ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы:

- Көбінесе жұмыскерлерге жалақы болса болды, жұмыс жасап кете береді. Ары қарай заң талаптарын қағаз жүзінде білмей жатады. Қазіргі таңда 8 ай қорытындысы бойынша 4319 тексеру жүргізіліп, 6890 заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде көп бөлігі еңбек қатынастары бойынша болып тұр.

Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек құқын бұзған жұмыс берушілерді жедел анықтау мақсатында цифрлық карта әзірлеген. Бұл жүйеге 13 мыңнан аса кәсіпорын қосылған. Нәтижесінде жұмысшылардың құқығын елемейтін даулы мәселе туындаған 363 кәсіпорын анықталған. 

Қаламқас Нысанбай, тілші:  

Егер жұмыста құқығыңыз бұзылса, бірінші Еңбек инспекциясына жазбаша шағым қалдыруыңыз керек. Олар ешқандай шара қолданбаса, әрі қарай сотқа жүгіне аласыз. Ал әу баста жұмыс берушімен келісімшартқа отырмасаңыз, мұның барлығы бекер болады. Себебі сотта тек заң жүзінде келісімге отырған жұмысшылардың құқығын қорғау жеңілірек. 

Жалпы жыл басынан бері Астананың өзінде 95 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Еңбек құқықтары әсіресе тамақтану саласында, күзет фирмаларында, құрылыста жиі бұзылады.