Алдағы референдумның рөлі зор – Мәулен Әшімбаев

Елде электр энергиясымен қамтамасыз етудің тиімді жолдары қарастырылып жатыр. Алматы облысының тұрғындарымен кездескен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді.

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб өкілдері жұртшылыққа жобаның мән-маңызын түсіндірді, деп хабарлайды 24kz.

Штаб құрамында депутаттар, сарапшылар мен қоғам белсенділері бар. Жоғары палата спикері алдағы референдумның рөлі зор екенін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Электр энергиясымен қамтамасыз етудің жан-жақты саясатын жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде ең басты мәселе біз кешенді түрде жұмыс істеуіміз керек. Солай біз жалпы Қазақстанымыздың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашамыз. Сондықтан үлкен жобаны халықтың талқылауына Президентіміз арнайы шығарып отыр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатының айқын көрінісі деп ауыз толтырып айта аламыз.

Сонымен қатар штаб өкілдері ірі жылыжайды аралап, отандық кәсіпорындарды энергиямен тұрақты қамтамасыз ету мәселесіне мән берді. Ал шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесуде инвестициялық жобаларды іске асыруға ықпал ететін инфрақұрылым жайы талқыланды. Кейін штаб өкілдері Шапық Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інің қызметін бақылап, еңбек ұжымының пікірін тыңдады.