Арқалықта тасқыннан зардап шеккендерге бес қабатты үй қолданысқа берілді
Қостанай облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жолы Арқалықта баспанасыз қалған отбасыларға бес қабатты үй қолданысқа берілді. Көптің қуанышына тілшіміз куә болды.
Мерей Бает, тілші:
- Мына бес қабатты үйдің құрылысы мамыр айының ортасында басталған. Құрылысшылар «күн суытпай пәтер кілттерін иелеріне табыстаймыз», деп уәде берген.
Айтқандай сөздерінде тұрды. Елу пәтер Арқалық қаласы, Амангелді мен Жангелдин ауданының тұрғындарына берілді. Олардың баспанасы тасқын кезінде жарамсыз деп танылған.
Амангелді ауданы Ақкісі ауылында тұратын Жұмахан Тұрмағамбет бүгін отбасымен Арқалыққа қоныс аударды. Себебі табиғи апат кезінде тасқын су ауылдағы шаңырағын шайып кетті. Енді жаңа көпқабатты үйден 3 бөлмелі пәтер алып қуанышқа кенелді. Баспананың ас үйі тоңазытқыш, газ пеші мен қоса жиһазбен толық жабдықталған.
Жұмахан Тұрмағамбет, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Үлкен әдемі үй алып тұрмыз. Қуаныштымыз кемпіріміз екеуміз. Балаларымыздың бәрі сыртта ғой. Қалада екеуміз ғана қалғанбыз. Көп рақмет, зейнетақыға шығарда жақсы болды. Келесі жылы маған пенсия, 62-де жасым. Қуаныштымын. Басшыларға рақмет, фирмаға рақмет.
Тасқыннан кейінгі сараптама қорытындысы бойынша Арқалық пен оған жақын елді мекендердегі 135 үй жарамсыз деп танылған. Қала әкімінің орынбасары Абзал Тәшімовтың сөзінше, зардап шеккен барлық тұрғынға пәтер алынды.
Абзал Тәшімов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:
- 111-іне пәтер сатып алып берілді. 19-ына салынып жатқан жаңа үйден берілді. 5 қыстақтарды салу үшін арнайы қордан қаражат бөлінді. Енді 111 пәтердің ішіде 31 пәтері ҚР Үкіметінің резервінен сатып алынып берілді 405 миллион теңгеге.
Баспанасы жөндеуге келмейтін арқалықтықтарға қалған пәтерді сатып алу үшін 1 миллиардтан аса теңге жұмсалды. Оны қоғамдық қорлар мен кәсіпкерлер қаржыландырды.
Авторлары: Мерей Бает, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг