Су тасқыны: БҚО-да 34 кәсіпкерге ₸1,1 млрд өтемақы төленді
Батыс Қазақстан облысында биылғы су тасқынынан кәсіпкерлерге келген шығын үшін өтемақы төленіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Күні бүгін 34 кәсіпкердің есепшотына жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден астам қаржы аударылған. Арнайы құрылған өңірлік комиссияға бизнес өкілдерінен 87 өтінім түскен.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Биылғы су тасқынынан айтарлықтай зардап шеккен ауданның бірі – Теректі. Баспанасыз қалғандар үшін Подстепное және Аңқаты ауылдарында 130 үй жаңадан салынды. Бизнес нысандарға да көмек көрсетілуде. Тілсіз жаудан зиян шеккен 26 кәсіпкердің бірі – Бақтыгүл Имашева. Қырдан құйылған қызыл су сауда орталығының жертөлесін басқан екен.
Бақтыгүл Имашева, кәсіпкер:
- Дүкенде су қатты кетті, баспалдақтан атқылап кетті. Мында екі бутикте қысқы курткалар болды. Өзім жоғарыда жұмыс істегенмін. Мында бір апайларым тұратын еді. Олар сұранып кетіп қалғасын, жалғыз өзім не істерімді білмей қалдым. Кетті, суға кетті. Көтере алмаймын, шығара алмаймын. Су 4-5 күн тұрды.
Ал Орал қаласына қарасты Деркөл шағын ауданында өзен тасып, мына демалыс орны су астында қалыпты. Су жағасына салынған ғимараттар, қонақ үй бүлінген. Енді сол үшін кәсіпкерге жөндеу жұмыстарына деп қазынадан 40 млн теңге аударылыпты.
Ғабдолла Батыров, кәсіпкер:
- Техникалық қорытынды жасады. Содан кейін бағалау жүргізілді. Комиссия отырысында шығын мөлшері қолдау тапты. Барлық соманы алдық. Қазір демалыс базасын жөндеуге керекті қаржымыз бар. Үкіметке рахмет! Қиын кезде қолдау көрсеткендеріне.
Барлығы өңірде 87 кәсіпкер тасқын судан зардап шеккен. Күні бүгін 85 өтінім арнайы комиссия отырысында қаралыпты. 34 бизнес өкіліне 1,1 млрд теңге көлемінде өтемақы төленген.
Қалияр Айтмұхамбетов, БҚО әкімінің орынбасары:
- Биылғы су тасқыны салдарынан халықпен бірге кәсіпкерлік субъектілері де зақымданды. Бүгінгі күнге шейін комиссия жұмыс істеп келді. 87 зардап шеккен кәсіпкердің 85-і комиссиядан өтті. Алдын ала болжам бойынша 4,6 млрд шығын келтірілді.
Өңірде сонымен қатар ауылшаруашылық құрылымдарына келген шығын да толық өтелді. Суға ағып кеткен төрт түлік үшін шаруа қожалықтарына 156 млн теңге төленсе, өсімдік шаруашылығымен шұғылданатын 27 фермер де тиісті өтемақыға қол жеткізген.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов