Қызылорда облысындағы шекаралық бақылау бөлімшелері толықтай жаңғыртылды

Соңғы 5 жылда Қызылорда облысындағы шекаралық бақылау бөлімшелерінде жаңа модульдік ғимарат салынды, деп хабарлайды 24kz.

Ел шебін кірпік қақпай күзеткен сарбаздарға уақыт талабына сай әлеуметтік жағдай жасалды. 38 блоктан тұратын ғимаратта қызметтік бөлмелер, қару-жарақ сақтайтын арнайы орын және демалыс бөлмесі қарастырылған. Бұдан бөлек, әскери қызмететшілер отбасымен тұруға арналған үш пәтерлі тұрғын үйлер де бой көтерді. Шекарашылардың сенімді серігіне айналған қызметтік иттер үшін питомник те бар. Әскери жабдықтар мен азық-түлік сақтайтын қоймалар, жанар-жағармай құю станциясы да тиісті талапқа сай жаңғыртылды. Аймақтағы шекара қызметі департаментінің құрылғанына биыл 25 жыл болды.

Серік Абусұлтанов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары:

- 745 шақырымды құрайтын еліміздің шекарасын 10 шекаралық застава бар, екі бөлім бар, шекаралық бақылау бөлімшелері бар. Модульды ғимараттар, заставалар салынды. Оның алдында біраз қиыншылықтар болды. Ғимараттар 2019 жылы басталып, соңғы заставаны 2023 жылы қараша айында қабылдап алдық.