Елордада 60 жыл бұрын отау құрған ерлі-зайыптыға құрмет көрсетілді
Елордадағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында мерейлі мереке өтті, деп хабарлайды 24kz.
Онда алпыс жыл бұрын отау құрған ерлі-зайыптыға құрмет көрсетілді. Көпті көрген жұбайлар білім беру саласында табысты еңбек еткен. Айшықты шараны ұйымдастырушылар осындай бастама арқылы қоғамда отбасы институтын нығайтуға мән беріп отыр.
Еркін Дәуешов пен Хамилла Айбатырова студент кездерінен бері бірге. Екеуі де физика-математика факультетін тәмамдаған. Кейін шаңырақ көтерді. Ерлі-зайыпты 6 бала тәрбиелеп өсірді. Небір қиындықты бірге еңсерген жұбайлар былтыр немере-шөберелерінің ортасында жақұт тойын тойлады.
Еркін Дәуешов, қала тұрғыны:
- Балаларымыздың үлкені 15 қыркүйекте алпысқа толды. Ол балалардың бәрі жоғары білім алды. Отбасын құрғаннан кейін өмір ешқашан тақтайдай тегіс болмайды. Сондықтан қиыншылықты бірге жеңе білу керек.
Ерлі-зайыпты қалалық Ардагерлер кеңесінің құрамында белсенділік танытып келеді. Қоғамдық және әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етіп, жастарға да бағыт-бағдар көрсетуден жалыққан емес.
Сансызбай Есілов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Мектепте балаларды бір салада тәрбиелейді. Бірақ олар да ертең өсіп-жетіліп, отбасын құрады. Сондықтан осы үлкендердің жетістіктерін көріп, қалай жетістікке жеткенін, қалай қызмет жасағанын жастарға жеткізу. Әрі қарай да ойластырамыз. Өйткені бүкіл жастарды жинай алмаймыз. Сол жастардың оқып жүрген жеріне баруымыз керек.
Мерекелік шара барысында басты меймандарға құрмет көрсетіліп, естелік сыйлық табыс етілді.Ардагерлер кеңесі мерейлі отбасыларды насихаттау жобасын екінші жыл қатарынан өткізіп отыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов