Екібастұзда жылу беріле бастады
Павлодар өңірі жылыту маусымын биыл бір апта ерте бастады.
Әлеуметтік нысандарға жылу қыркүйектің 9-ында, көпқабатты үйлерге 16-нан берілді.
Қазір сегіз ауданда балабақша, мектеп, ауруханалар 100 пайыз жылумен қамтылған. Қалған үш қала мен екі ауданда жұмыс жалғасып жатыр. Облыс әкімі Асайын Байханов жауапты сала басшыларына жағдайды қатаң бақылауды тапсырды. Жоспарға сай қазан айына дейін өңірдегі барлық көпқабатты үйлер толық жылумен қамтылуға тиіс. Осыдан екі жыл бұрын коммуналдық апат болып, жарты қала жылусыз қалған Екібастұзда әлеуметтік нысандардың әзірге тек жартысына ғана жылу берілді.
Ержан Иманзайыпов, Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:
- Екібастұз, Ақсу қалаларында және барлық аудандарда, әлеуметтік нысандарда жылыту маусымы ағымдағы жылдың он алтыншы қыркүйегінен басталды. Екібастұз қаласында 79 әлеуметтік нысанның 36-сы қосылды. Жиырма бірінші қыркүйекте 100 пайыз қосылады.