Еліміздің солтүстігіндегі жауын-шашын астықтың сапасын төмендетті

Астықты өңірлерде күзгі жиын-терін қызып тұр.

Қостанайлық диқандар егіннің 40 пайызын жинап алды. Екі миллион гектар алқаптың бидайы орылды. Бұл орайда аймақтың оңтүстік аудандары көш бастап тұр.

Ал солтүстік аудандарда жауын шашын көп түскендіктен, біраз қиындық бар. Ылғалдың көптігі астықтың  сапасына әсер етіп, жиналған өнім көгере бастаған.

Арқалықтың диқандары гектарынан орташа есеппен 12 центнерден өнім жинап жатыр. Былтырмен салыстырғанда екі есе көп. Сергей Гертнердің егіс алқабы шамамен төрт мың гектарды алып жатыр. Қиындықтарға қарамастан бидай шығымы   көңіл толарлықтай. Жаз бойы арамшөп пен шегірткеге қарсы күресті. Ауруға шалдыққан өсімдік алқаптарына өңдеу жүргізді. Төккен тер мен еселі еңбек зая кетпепті.

Сергей Гертнер, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Химиямен көп жұмыс істедік. Ауруға шалдыққан егіс алқаптары өңделді. Жүргізілген жұмыстың тиімділігі зор. Орташа есеппен 15 центнерден өнім алып жатырмыз. Үшінші класс. Қамырлығы 26-дан басталады.

Жауын-шашын салдарынан шығынға ұшырағандар да бар. Биылғы түсім күткендегідей болмаған. Әрі кей шаруалар алқаптарды уақытында өңдемегендіктен, өнімнің сапасы да төмен.

Руслан Күлетов, Арқалық қаласының ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:
- Шаруа қожалықтарының  20-30 пайызы қазіргі таңда 5-ші, 4-ші класс болып жатыр. Ылғалдың көптігінен көптеген аурулар шығып, соның салдарынан болып жатыр. Егін тұқымдарымыз жиналу үстінде. Негізгі шаруа қожалықтарының басты бөлігі 3-ші кластық бидай жинап жатыр.

Астық жинау қарқыны жағынан Арқалықтың диқандары алда келеді. Бүгінгі таңда алтын дәннің 60 процентін жинап үлгерді. Ауа райы жайлы болса, қыркүйектің аяғына дейін қамбаны астыққа толтырамыз деп отыр.

Авторлары: Қ. Қасиетова, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг