Қазақстан Моңғолияға қошқар экспорттайды

Қазақстан Моңғолияға асыл тұқымды қой экспорттайды.

Моңғол тарапы арашан тұқымының 300 қошқарын сатып алмақ. Айдың басында Ұланбатырдан комиссия келіп, Түркістан облысындағы шаруашылықтың жұмысымен танысты. Мамандар ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуына оң баға берді. Осылайша Қазақстаннан қойды тірідей сатып алатын елдер тізімі тағы бір елге көбеймек.

Жалпы бұл тізімді Өзбекстан бастап тұр. Биыл оңтүстіктегі көршіміз 30 мыңнан астам қой алды. Бұдан кейін 2 500 қой алған Әзербайжан тұр. Сондай-ақ импорттаушылар қатарында Кувейт, Иран, Қырғызстан елдері бар.

Қызғалдақ Жұбатқанова, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті басқармасының басшысы:
- Ветеринариялық-санитариялық талаптарды басқа елдермен қазір жұмыс атқарып жатырмыз. Оның ішінде Моңғолия еліміз бірінші айтып кеткен. Одан кейін кеше Ирак елінің елшілігі келіп кетті, біздің қойларды экспорттауға қызығушылық бар. Тірідей қойды экспорттауға Ирак, Малайзия, Сингапур, Тайланд, Вьетнам елдерінен сұраныс бар. Солармен қазір біз жұмыс атқарудамыз.