Қарағандыға апаратын жаңа жол жылға жетпей тозды

Қарағанды облысының Шет ауданындағы «Сәкен Сейфуллин – Өспен-Ағадыр» жолына былтырдан бастап асфальт төсей бастаған еді.

50 жылдан бері жол азабын тартқан ауылдықтардың қуанғаны рас.

Алайда жыл өтпей жатып жаңа асфальт ойылып қалды.

Сәкен Сейфуллин атындағы кенттен Ағадыр кентіне дейін апаратын мына жолға жарты ғасырдан соң асфальт төселді. Жалпы ұзындығы – 87 шақырым. Соның Еркіндік, Өспен ауылдарының үстімен өтетін 30 шақырымы жыл өтпей жатып осындай күйге түскен. 

Ағадыр кентіне дейінгі 87 шақырым жолды асфальттаудың  екі жылдық жобасына 2 млрд теңге қаражат бөлінген. Бюдждеттің әр тиынына сұрау бар. Мердігер ой-шұңқыры шыққан жолды кепілдік мерзімі аясында қайта жөндеуге міндеттелген. Ол үшін қаражатты өз қалтасынан шығарады.

Мұхит Мұхтаров, Шет ауданының әкімі:
- Бұл жолдың әрине кепілдік мерзімі бар. Екінші рет қайта қаралып отыр. Біз қазір сол дұрыс сапалы істелмеген жерін анықтап, мердігерлік компанияға талап қойылып отыр. Бірақ жұмысы әлі де көңілімізден шығып отырған жоқ. Ол жөнінде мердігерге, тапсырыс берушіге ескертіп айттық.

Облыстық маңызға ие бұл жолдың бойындағы 2 кент пен бірнеше ауылда 15 мыңнан астам тұрғын бар. Күн сайын жүздеген көлік жүйткитін, аудан мен Қарағандыға  апаратын негізгі төте жол осы. Жұртшылық  асфальт қайта жамалғанымен, әу баста сапасыз салынғандықтан көктемде тағы бүлінеді деп алаңдайды.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар