Семей оқушылары өртті ерте анықтайтын робот жасады
Абай облысының дарынды оқушылары өртті ерте анықтап, алдын алатын робот құрастырды.
Бұл инновациялық құрылғы адамдардың өмірі мен мүлкін қорғауды көздейді. Өртті ерте анықтап, жылдам әрекет ету мүмкіндігімен ерекшеленетін робот апатты жағдайлардың алдын алуға арналған.
Әлімжан Раимжан мен Әмірәлі Сәдуев өңірдегі алапат өрттен кейін осындай робот құрастыруды көздейді. 10 сынып оқушылары құрылғыны жасау үшін екі айға жуық уақыт жұмсаған. Жаңа робот заманауи жүйелермен жабдықталған. Өрттің алғашқы белгілерін анықтап, автоматты түрде су шашып сөндіреді. Зиянды газдардың ауада таралуын анықтайтын сенсорлар орнатылған. Осы арқылы адамға бірден хабар береді.
Әлімжан Райымжан, 10 сынып оқушысы:
- Бұл роботтың алдында үш жалын сенсоры бар. Егер ол отты көрсе, мына жақта жсм модулі мен сим-картасы бар. Сол арқылы адамға қоңырау шалып, өрттің болғанын хабарлайды. Мұнда жпс трекері бар. Бұл арқылы өрттің нақты қайда болғанын білу үшін смс арқылы кординаттарды жібереді.
Құрылғыны әзірлеген оқушылар осындай роботтар төтенше жағдайларда пайдаланылғанын қалайды. Олардың сөзінше, осы арқылы адам шығынының алдын алуға болады.
Мадина Қалғабаева, информатика және робототехника пәнінің мұғалімі:
- Бұл роботпен біз болашақта патентпен лицензия алып, стартап жобаларына қатысайық деп жатырмыз. Стартап жобаларында осы робот өтіп жатса, онда бұл идеяны сатып алатындай жағдайға жеткізуге болады.
Оқушылар осы жобамен Түркиядағы халықаралық чемпионатқа қатысып, үшінші орын алды. Дарынды жастар роботтың тиімділігін арттыру үшін оған жасанды интеллект жүйесін қосуды көздеп отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов