Атырау облысында 25 мың гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды

Атырау облысында игерілмей жатқан 25 мың гектарға жуық жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды 24kz.

Оның  23 мың гектары – жайылымдық пен шабындық, 2 мың гектарға жуығы –егіс алқабы. Жалпы облыста жылдар бойы игерусіз жатқан жер телімдерін түгендеу барысында 90 мың гектардан астам шабындық пен жайылымдық алқаптың бос жатқаны анықталған болатын. Былтыр жер қатынастары бөлімі арқылы мемлекет меншігіне қайтарылған 43 мың 500 гектар жер телімі 94 шаруашылыққа берілген болатын. Бұл жұмыстар биыл да жалағасады.

Нәзкен Өтешова,  облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Құрманғазы ауданында 12 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қызылқоға ауданында 3 мың гектар. Мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелері ауыл шаруашылығы айналымына тартылып, яғни конкурс арқылы пайдаланушыларға беріледі.