Елде отбасылық жанжал үш есе көбейді
Біздің елде отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық үш есе көбейді, деп хабарлайды 24kz.
Мәселен, былтыр қаңтар мен тамыз аралығында 600-ге жуық жағдай тіркелсе, биыл жыл басынан бері бұл көрсеткіш 1600-ге жетіп отыр. «Тиісті заңға қылмыстық жауапкершілікке тарту жазасы енгізілсе де, ұрыс-керіс соңы қол көтеруге ұласып жатыр», – дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері.
Түркістан облысының тумасы Сәбина Төребекова бірнеше жыл бойы күйеуінен зорлық-зомбылық көрген. Ішсе, көзі көрмей кететін жолдасынан 3 баласы мен бойжеткен қызын қорғау үшін үйінен кетуге мәжбүр болған. Биыл шілде айында елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығына келіп, уақытша пана тапты. Басынан өткені ойына оралса, тамағына өкісік тығылады. Өзін қоярға жер таппай, қараптан-қарап үрейлене беретін әдеті пайда болыпты.
Сәбина Төребекова, Түркістан облысының тұрғыны:
- 2009 жылдың соңында үйлендік. Ол ішетін. Қыдырып кету, өзіне жауапкершілік алмау сол кезінен бар еді. Кейін ол көбейді. Жай ғана ішіп қоймайды, басқа да нәрселер жасайды. Анаша шегеді. Қылқындырады. Ұрып соғады. Бірақ көбіне қылқындырады, үстіме мініп алады.
Ажырасқанына 4 жыл болса да, бұрынғы күйеуі осы күнге дейін тыным бермей келеді. Қазіргі мекенжайын тауып ала ма деп қорқады. Түркістан облысында жүргенде полицияға екі рет арызданған. Бірақ одан түк шықпапты. Соңғы шағымы тіпті қараусыз қалған дейді келіншек. Сәбинаның ендігі мақсаты – тұрақты жұмыс орнын тауып, 4 баласын қатарынан кем қылмай тәрбиелеу, білім беру.
Светлана Сабаншина, «Үміт» дағдарыс орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы:
- Қазіргі таңда орталықта 55 қызмет алушы бар. Оның 15-і әйел болса, қалған 40-ы – балалар. Бүгін сіздер түсірген кейіпкердің әлеуметтік жағдайы онша емес, күйеуі жұмыс істемейді, нашақор болса, екінші жағдайда мүлдем басқаша. Жұмысы бар, жағдайы бар, бірақ әйелін қызғанады. Әрқайсысының жағдайы әр түрлі. Бәрін бірдей деп айта алмаймыз. Біреуінде психологиялық қысым болса, біреуінде экономикалық. Бірінде 4 түрі де бар: физикалық та, жыныстық та.
Белгілі психолог Серікгүл Сәли жоғарыда аталған түйткілдің құрбанына айналған мыңнан астам клиетпен жұмыс істеген. Оның айтуынша, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық салдары қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін көбі біле бермейді. Осыған байланысты бұл мәселе өзектілігін жоймай отыр.
Серікгүл Сәли, психолог:
- Мен бұны ешқандай менталитетпен байланыстырмаймын. Бұны тек қана адамдардың жаңа заманға сай, ақпараттанбауы және бір сыни ойлай алмауы, өздерін дамытпауы, сонымен байланыстырамын. Әйтпесе біздің менталитет өте мықты, өте жоғары деңгейде. Мысалы, біздің менталитетте «ұят» деген нәрсе бар деп кемсітеді. «Ұяттың» бар болғандығынан емес, мәселе сіздің өзге адамдардың алдында шындықты мойындай алмайтын қорқақтығыңыздың кесірінен. Сіз шындықты мойындай алмайсыз, сөйтіп жасанды өмір сүресіз. Оны апарасыз да, өтірік «ұяттың» артына тығасыз.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған дерекке сәйкес өңірлер арасындағы антирейтингтің көш басында Алматы облысы тұр - 202 жағдай. Артынша халқы көп Алматы қаласы келеді - 155 құқық бұзушылық. Үштікті жоғарыда аталған Түркістан облысы түйіндеп тұр - 135 жағдай. Ал ең төменгі көрсеткіш Солүстік Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстарында тіркелген.
Азамат Құрымбаев, ҚР ІІМ ӘПҚ басқарма бастығының орынбасары:
- Былтырдан бастап полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық жанжал туралы шағым күтпей, мекенжай бойынша анықтау жұмыстарын қолға алды. Бұдан былай қатаң шара қолдану үшін зардап шегушінің арызы қажет емес. Тағы әкімшілік қамауға алу мерзімі ұзартылды. Мәселен, бірінші рет құқық бұзушылық жасаған бұзақы бұрынғыдай 5 тәулікке емес, 10 тәулікке қамауға алынады. Әрекетін қайталаған жағдайда 20 тәулікке бас бостандығынан айырылады.
Тараптардың татуласуына қатысты талап қатаңдатылды. Озбырлыққа барған адам татуласу мүмкіндігін тек сотта ғана бір мәрте пайдалана алады. Жыл басынан бері учаскелік инспекторлар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау үшін 60 мыңнан астам нұсқама жазған. Сот шешімі бойынша құқық бұзушыларға қатысты 13 мыңнан астам қатаң талаптар қойылды. Оның тең жартысы ішімдік ішуге қатысты тыйым.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев, Ербол Дайыров