1200-ге жуық астаналық әскер қатарына алынады

Астанада күзгі әскерге шақыру науқаны қарсаңында 1200-ге жуық азамат Отан қорғауға аттанады, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін соның алғашқы легі, яғни 30 сарбаз Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара Қызметіне жұмылдырылды. Олар Шығыс Қазақстан облысына қарасты «Зайсан» шекара басқармасында әскери борыштарын өтейді. Соған байланысты жігіттерге лайықты құрмет көрсетіліп, салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Оған Қарулы Күштердің Бас штабы мен әкімдік өкілдері және ата-аналар қатысып, жас сарбаздарға сәттілік тіледі. 

Мадияр Жолжан, әскерге шақырылушы:

- Әрбір жігіттің Отан алдындағы борышын өтеуі – ең басты парыз. Өзімнің әкем Алматы қаласында шекара қызметінде болған. Өзім де сол шекараға барғым келіп тұр. Бүкіл халықты емес, бүкіл Қазақстанды қорғағым келіп тұр. Әскерден келген соң еліме, халқыма адал қызмет еткім келеді.  

Нұргүл Ризаева, ата-ана:

- Өзі шешім шығарып, өзі барам деді. Отан алдындағы борышын өтеу керектігін түсініп, бара жатқанына өте қуаныштымын. Ұлымды мақтан тұтамын. Не болса да, болашағы жарқын болсын дейміз. Әскерден келген соң грантқа түссін. Грантқа түсуге болатынын естіп, қуанып жатырмыз. Ақ жол, сәт-сапар тілейміз.