Азаптаудың алдын алу: арнайы заң жобасын әзірлеу ұсынылды
Қазақстанда азаптаудың алдын алу тетіктерін жетілдіру қажет. Бұл туралы Астанада осыған қатысты өткен жиында айтылды.
Онда үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылар арнайы заң жобасын әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар жабық мекемелерге баратын арнайы мониторингтік топтардың құрамын өзгерту қажеттігін айтты. Құжат қатысушылардың мандатын кеңейтуді және олардың кәсіби деңгейін арттыруды көздейді. Мәселен, былтыр 249 адам құқық қорғаушыларға азап көргені жайлы шағым түсірген. «Жалпы соңғы 5 жылда түрмелер мен тергеу изоляторында азаптау дерегі азаймай отыр», – дейді сарапшылар.
Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықұтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:
- Азаптаудың алдын алуға байланысты біздің үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылар халықаралық ұйымдармен бірлесіп, заң жобасын әзірлеген. Онда Қазақстандағы азаптаудың алдын алу ұлттық тетіктерін қалай жетілдіруге болады деген өздерінің ұсынымдарын қосып, арнайы заң жобасын ұсынып отыр. 2013 жылы тиісті заңдарға өзгеріс енгізілген. Бірақ олар: «Оны ары қарай жетілдіру керек», – дейді.
Жанар Нұрмұханова, Талдықорған құқық қорғау орталығының директордың орынбасары:
- 10-нан астам заңнамада ол туралы айтылған. Бірақ нақты осыған қатысты ыңғайлы болу үшін бір бөлек заң керек. Өкінішке қарай, осы тетік 10 жылдай жұмыс істеп жатыр, бірақ азаптау әлі азаймады.