Депутат Нартай Аралбайұлы әскердегі тәртіпті түзеуге шақырды

Кейінгі 3 жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, деп хабарлайды 24KZ.

Ал соңғы 4 жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бүгін бұндай жантүршігерлік статистиканы келтірген Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қорғаныс министріне армиядағы кез келген келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдауды талап етіп, сауал жолдады. Халық қалаулысы Президент Жолдауында: «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», – деп атап өтті. Өкінішке қарай, армиядағы жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр екендігін мәлімдеді. Тағы депутат әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен екендігіне назар аударды. «Соңғы рет олардың жалақысы 2008 жылы ғана көтерілген», – дейді.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Былтыр Қорғаныс министрлігі: «Әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар», – деді. Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма? Әскердегі әлімжеттік мәселесін «AMANAT» партиясы 2022 жылы көтерген. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың армияда жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес. Жоғарыда айтылған жағдайларды ескеріп, сізден келесі шараларды қолға алуды ұсынамын: еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдауды, әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалады қолға алып, олардың іске асуын жеделдетуді.