Ақтөбе облысында тасқынға қарсы ондаған жоба қолға алынды

Ақтөбе қаласының айналасындағы елді мекендерді еріген қар суынан қорғау үшін қосымша арналар қазылып, бөгеттер бекітіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жергілікті биліктің жоспарына сәйкес даладан аққан қарғын су тұрғын үй алаптарын айналып өтуі тиіс. Өңірде көктемгі тасқынға тосқауыл болатын ондаған жоба қолға алынған.

Нұржан Ағысов қала іргесіндегі Қанағат тұрғын үй алабына 5 жыл бұрын қоныс аударған. Алайда үйінің судың табиғи арнасында орналасқанын былтыр қалың қар ерігенде ғана байқапты. Сондықтан «Ауылды айнала қазылған канал төтенше жағдайдың алдын алуға сеп болады», – дейді.

Нұржан Ағысов, Қанағат тұрғын үй алабының тұрғыны:

- Мына біз қазір ойда тұрмыз. Мына қырдан су келеді. Тікелей мына Жіңішкеге ағып кетеді деп ойлаймын енді. Былтыр кетті көптеген үй, бірақ енді уақытында, жаңағы төтенше жағдай ғой енді, уақытында техника келіп, эксковатормен қазып, судың барлығын ағызып жіберді.

Құршасай мен Қанағат елді мекендерінің ту сыртынан қазылып жатқан арнаның ұзындығы 4 шақырымға жуық. Иен даладан еңістікке ағатын суды иіріп, Жіңішке өзеніне бағыттауы тиіс. Ауыл халқы үшін бірнеше жерден өткел салынады.

Алмас Жақсылықұлы, Ақтөбе қ. Астана ауданының әкімі:

- Ол жерде, айтқандай, жаңа тұрғын үйлер бар және жаңадан салынған мектеп бар. Үлкен қауіп болатын. Қазіргі таңда осы каналдың жұмыстары 15-20 күннің шамасында толыққанды аяқталады деп ойлаймыз.

Биыл облыс орталығында мұндай 5 ірі жоба қолға алынды. Мәселен, көктемде әуежай аумағын су басып, 11-ші және 12-ші шағынаудан тұрғындарын да әбден әбігерге салған еді. Сол су арнасы кеңейтіліп, Сазды өзеніне қосылар тұсы бекітілді. Мағаджан тұрғын үй алабы мен «Оңтүстік-Батыс 2» ауданында да суағарлар орнатылды.

Бекзат Тұрғалиев, қала әкімі аппаратының азаматтық қорғаныс және ТЖБ басшысы:

- Қазіргі таңда Авиатор тұрғындар алабында, 11-ші шағынауданында, Сут зауыты ауданында жаңа жоба – суағарлар салына бастады. Авиатор ауданындағы суағар ол Сазды өзеніне бағытталады. Ал сут зауытындағы суағар ол Тамды өзеніне бағытталады.

Көктемде Ақтөбе қаласының Астана ауданында 50, Алматы ауданында 3544 үйді су басқан. 200 саяжай тұруға жарамсыз боп қалды. Негізгі қауіп Елек пен Қарғалы өзенінен. Сондықтан жергілікті билік олардың жағасын бекітіп, биік бөгет салуды да қолға алған.

 Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.