Ақылы автобандардың сапасы сын көтермейді
Жыл басынан елде көлік апатынан 1300-ге жуық адам қаза тауып, 16 мың адам зардап шеккен, деп хабарлайды 24KZ.
Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков мұны тесік-шұрық жолдармен байланыстырады. Әсіресе ақылы автобандардың сапасы сын көтермейді. Жиегі қоршалмаған, қызмет көрсету ісі де ақсап тұр. Бірақ осыған қарамастан ақылы жолдың құны қымбат. Шетелмен салыстырғанда біздегі жүк көліктердің жүргізушілері 3 есе көп шығындалады екен. Ұласбек Сәдібеков Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдап, бірқатар талап қойды.
Ұласбек Сәдібеков, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
- Біріншіден, жоғарыдан аталған жолда жолаушылардың қауіпсіздігін күшейту, Екіншіден, жолдар жөнделіп, талапқа сай болғанша ақылы жолдардың бағасын түсіру. Үшіншіден, Түркістан мен Шымкент қаласының арасын байланыстыратын жылдам жүретін жолаушылар пойызын қоюды қарастыру. Бұл сонда қызмет атқаратын мемлекеттік қызметкерлер мен туристерге өте тиімді болар еді. Әрі көлік ағынының азаюына септігін тигізеді.