Ақмола облысында көмір қымбаттап кетті

Ақмола облысында көмір қымбат.

Қазір өңірде бұл отынның тоннасы 20 мың теңгеге жуықтайды. «Қыс басталғанша баға тағы өсуі мүмкін», - дейді жауаптылар. Тұрғындардың айтуынша, қазір көмірдің қымбаттығы былай тұрсын, оны табу да қиын. 

Көкшетауда әсіресе Шұбаркөл көмірі тапшы.

Өңірде көмір сататын 58 орын бар. Соның 4-і облыс орталығында орналасқан. Қара отынның бағасын білейік деп бәрін аралап көрдік. Көбінде тым-тырыс, көмір жоқ.

Нұрболат Қуанған, қала тұрғыны:
- Көмірді іздегеніме міне 3-4 күн болды. Әлі көмір жоқ. Түспеген. Ылғи ескі көмірлер. Баға көтеріліп тұр. Өткен жылы 17 мың болса, биыл міне 18 мың 900 сұрап тұр.

«Ал үйіліп жатқан мына көмір ұсақ немесе жаңбыр астында қалған дымқыл», - дейді тұрғындар. Сондықтан ешкім алғысы келмейді. Негізінен халық қызуы күшті Шұбаркөл көмірін алады. Әсіресе, сұрыпты түріне сұраныс жоғары.

Көмір бағасы ауыл тұрғындарына жетем дегенше тағы өзгереді. Өйтені, тасымал құны да қымбаттаған. Мәселен, Ақардыр ауылынан келген Болат Қайролла бірнеше күннен бері көмір таба алмай жүр.

Болат Қайролла, Ақадыр ауылының тұрғыны:
- Көмір сирек келіп жатыр. Жақсы көмір көп емес. 2-3 күнде бір келеді. Кезекке тұруға мәжбүрміз. 40-50 машинадан кейін аламыз. Таң атпай 5-тен келеміз осында.

Ал жергілікті билік өкілдері көмір тапшылығын жоққа шығарып отыр. Ал қатты отынның қымбаттауы көмір тасымалдаушылардың шығынына қатысты деп қысқа қайырды.

Әлихан Рақымжанов, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы:
- Қазір көмірдің орташа бағасы 17 750 теңге. Бағаның көтерілуіне негізгі себеп теміржол тасымалдауы тарифінің көтерілуіне байланысты және жеке бизнес өкілдеріне тікелей байланысты болып отыр. Біз бағаның тұрақталуына қатысты ештеңе айта алмаймыз.

Жалпы облыс тұрғыныдарының қара отынға деген қажеттілігі 1 млн тонна шамасында. Бұдан бөлек коммуналдық мекемелерге 465 мың тонна көмір қажет.  Қазір осы қажеттіліктің тек 34 проценті, яғни 171 мың тоннасы ғана жеткізілген.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко