Өскеменде бір адамға 3 тонна көмір беріледі
Өскеменде де көмір жетіспей жатыр.
Қазір өңірде адам басына 3 тоннадан ғана беріледі. Өйткені отын ізегендер қатары күрт артқан.
«Жұрт жаздан бері қам жасағанда, мұндай дүрлігу болмас еді», - дейді жауаптылар. Әсіресе ауданнан ағылып келіп жатқан жүк көлігінде есеп жоқ. Соның салдарынан арнайы әлеуметтік санаттағы жандар сағаттап кезек күтуге мәжбүр.
Көмір алуға келгендердің бәріне осылай ескертіледі. Әйтпесе, сағаттап тұрған көліктердің біразы бос қайтуы мүмкін. Қойма жұмысшыларының айтуынша, өткен айда күніне отын алуға 15-20 көлік келетін. Ал қазір бұл көрсеткіш 5 есе артты.
Мансұр Бекбауов, отын жеткізу компаниясының директоры:
- Күніне 20 көлік. Қыркүйек айында өте көп келіп жатыр. Шамамен қарағанда 100 көліктен күніне келіп жатыр. Жаз бойы тыныш болды. Ал қазір бәрі келген себептен осындай кептеліс болды.
Кезекте тұрғандар кеніштен көмір аз жеткізіліп жатыр десе де, қала әкімдігі бұл мәліметті жоққа шығарды. Олардың сөзінше, қазіргі жайтқа ала жаздай қамсыз отырған жұрттың өзі кінәлі. Қаражыра кенішімен 155 мың тонна көмір жеткізу туралы келісімшарт жасалыпты. Қазір соның 80 мың тоннасы ғана сатылған. «Жаз бойы отын-суды ертерек алуға кеңес беріп, насихат жүргіздік, бірақ бәрібір тұрғындардың дені енді ғана дайындала бастады», - дейді мамандар. Бұған отынды көп тұтынатын аудандағы ірі шаруашылықтар мен мекемелер, кәсіпорындар да қосылды.
Қайрат Тәнекенов, қала әкімінің орынбасары:
- Ауданнан келген шаруашылықтар, мекемелер көмірді кезекке тұрып алып, қиыншылық тудырып жатыр. Өскемен қаласында екі көмір сату тұйығы бар, соның 2 тұйығында да Өскеменмен қоса алғанда 3 аудан және Абай облысынан Жарма ауданынан да адамдар келіп, көмір сатып алып жатыр.
Марат Субханов әлеуметтік санатта көмір тасымалдайды. Бүгін ұзын-сонар кезекке тап болып, біраз уақытын жоғалтты.
Қойма басындағы жағдайдың қашан реттелері белгісіз. Өйткені үсті-үстіне келіп жатқандар көп. Өскеменде көмірдің бір тоннасы 15 800, ал әлеуметтік санаттағыларға 15 300 теңгеден сатылып жатыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов