Түркістанда заңсыз салынған өткел жабылады
7 айдан бері жыр болған жаяу жүргіншілер өткелі жабылатын болды.
Түркістан қаласының іргесіндегі Қазақстанның 30 жылдығы елді мекенінің тұрғындары ауыл ішімен өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының жаяу жүргіншілерге арналған қосымша бөлігін жабуды талап еткен.
Себебі ауылда бір аспалы көпір, 4 жаяу жүргіншілер жолы болғанымен, жол белгісі мен бағдаршам екеуінде ғана бар. Ал мектеп оқушылары жол белгісі мен бағдаршамға қарап жатқан жоқ. Қай өткел жақын болса, сол жерден өте салады. Оның үстіне мектеп пен балабақша, спорт кешені сияқты әлеуметтік нысандардың барлығы жолдың қарсы бетінде орналасқан. «Ал жолдағы көлік көпірі балалардың өміріне қауіп төндіреді», - дейді жұрт. Сондықтан тұрғындар заңсыз өткелдерді жауып тастауды сұрап отыр.
Пазылак Сапаров, ауыл тұрғыны:
- Міне көріп тұрсыздар. Бұл жерде шығатын баспалдағы жоқ. Қарт апа, көкелеріміз, жүкті келіндеріміз бар өте алмайтын. Бағдаршамның өтетін сызығы сызылмаған. Мектебіміз жақын, бақшамыз жақын. Осы жерді қолға алып, жауып берсеңіздер.
Нұржан Қадырбаев, «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ» Түркістан облыстық филиалының бөлім басшысы:
- Кейін көлік көбейіп, халық саны өскен сайын адам қағып кету, жаяу жүргіншілерді қағып кету салдары көп болғандықтан, әкімшілік полиция басқармасының ұйғарымымен және халықтың өтінішімен ашық өткелдердің бәрін қоршау жұмыстары атқарылып жатыр. Толық осы аптаның аяғына дейін бітіреміз.