Қазақстандықтарға мопедтерін тіркеуге жарты жыл уақыт беріледі

Мопед жүргізушілері «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігін алуы қажет. Осылайша, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрге дейінгі мопедтер көлік құралы санатына жатқызылады. Бүгін Сенат осы көлік түрін тіркеп, оның жылдамдығын бақылауға арналған заңды мақұлдады, деп хабарлайды 24kz.

Енді елдегі барлық мопедтер тіркеуге алынып, темір тұлпар иесі мемлекеттік нөмір тағуға міндеттеледі.

Бұған дейін мопедтер мемлекеттік тіркеуде болмады. Сондықтан бейнебақылау камералары арқылы мопед жүргізушілерінің кім екенін анықтау қиынға соқты. Салдарынан жол ережесін бұзғандар көбейген. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, елде 80 мыңнан аса мопед бар. Былтыр олардың кесірінен 750 көлік апаты болған. 39 адам көз жұмды. Биылғы 8 айдың өзінде осы көліктің қатысуымен 962 көлік апаты тіркелді. Салдарынан 48 адам мерт болып, 1024 адам жараланды.

Сенат төрағасы заңдарға қатысты пікір білдіріп, еліміздің әр өңірінде тіркелетін жол апаттары қоғамды қатты алаңдатып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы бұл мәселеге бірнеше рет назар аударғанын айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміз Жолдауда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды. Бүгін қаралған заңдар жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Жол қауіпсіздігін одан әрі цифрландыру ісі де назардан тыс қалған жоқ. Мақұлданған заңдар жолдағы қауіпсіздікті арттыруға өз септігін тигізеді деп сенеміз.

Заң жарияланғаннан кейін азаматтарға мопедтерін тіркеуге 6 ай уақыт беріледі. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген жағдайда ол көлік айыппұл тұрағына қойылады.

Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Жарты жыл уақыт беріледі. Мемлекеттік тіркеуден өтуді осы уақыт ішінде аяқтауыңыз керек. Заңға қол қойылған кезден бастап тіркеуден өтуге болады. Оны бірден жасаған жөн. Егер қажетті құжаттар болса, неге тіркеуден өтпеске?! 6 ай уақыт береміз. Алтыншы айында барлығы тіркеуден өтуге барады, салдарынан кезек болатыны белгілі. Сондықтан да заңға қол қойылған кезден бастап бір ай ішінде тиісті құқықтық базаны реттейміз.

Сондай-ақ бүгін Сенат мақұлдаған заңда жол қауіпсіздігіне қатысты бірқатар өзгеріс бар. Көлік жүргізушілерін оқытумен қатар жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін күшейтуге арналған бірқатар қосымша талап енгізілді. Мәселен, енді куәлігі жоқ бола тұра көлікті ішімдік ішіп басқарғандар 7 жылға дейін жүргізуші куәлігін ала алмайды.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Руслан Әлиев