«Ауыл» партиясы елде АЭС салу бастамасын қолдап отыр

«Ауыл» партиясы елде атом электр станциясын салу бастамасын қолдап отыр, деп хабарлайды 24kz.

«Дәстүрлі станцияларға қарағанда АЭС жұмысы экологиялық жағынан таза, баламалы энергия көздерімен салыстырғанда тұрақты», - дейді партия құрамындағы физик мамандар. Бұл туралы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткен кездесуде партия басшылығы мәлімдеді. Сарапшылардың айтуынша, көмір жағатын жылу электр станцияларында 1 гигаватт қуат өндірген кезде 120 мың тоннаға дейін күкірт, 20 мың тоннадай азот қоспасы, 7 млн тоннадай көмірқышқыл газы ауаға тарайды екен. Ал АЭС-тен ондай қалдық шықпайды. Бүгінде әлемде ірілі-ұсақты 415 атом реакторы бар, 60-ның құрылысы жүріп жатыр.

Бағдат Қадыров, ядролық физика маманы, «Ауыл» партиясының бас сарапшысы:

- 7 рет өлшеп, бір рет кесу керек. Кезінде талқылағанбыз. Энергобаланста жалпы әлемде атом энергиясы 10%-ті құрайды. АЭС-ты 2,4-2,8 гигаватт соққан жағдайда әлемдік орта есеппен сол трендке әкеледі. Содан бастасақ, әрі қарай көре жатамыз.