Сарапшы: Қазақстан көмір энергетикасынан таза энергияға көшу керек

Атом қуаты – жаһандық энергетикалық баланстың маңызды бөлігі. Атом электр станциялары әлемдегі электр қуаты мен таза энергияның оннан бір бөлігін өндіреді.

Қазақстанға ол, ең алдымен, көмір энергетикасынан бас тарту үшін қажет. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директорының орынбасары, Ядролық энергетика департаментінің директоры Михаил Чудаков мәлімдеді. Тақырыпты білікті маманмен сұхбаттасқан арна тілшісі Жанат Эрнст жалғастырады.

Жанат Эрнст, тілші:

- Әлемде 31 мемлекет атом энергиясын пайдаланады және тағы 30 мемлекет оны жоспарлап отыр. Олардың 26-сы қажетті инфрақұрылымды Атом энергиясы жөнінде халықаралық агенттік ұсыныстарына сәйкес құруда. Ұйым бұл елдерде 19 бағыт бойынша инфрақұрылымдық тексерулер жүргізеді. Сарапшылардың пікірінше, атом энергетикасы мемлекеттер мен тұтас аймақтарды жаңа экономикалық деңгейге көтерді. Мысалы Финляндия, Словакия, Венгрия, Чехия және Болгарияны айтуға болады. Оларда электр энергияның 30%-і атом электр станцияларында өндіріледі. Электр энергиясының үштен екі бөлігін АЭС өндіретін Францияның экологиялық көрсеткіштерді жақсартты.

Михаил Чудаков, АЭХА Бас директорының орынбасары, ядролық энергия департаменті директоры:

- Қазақстан көмір энергетикасынан таза, яғни, атом энергиясына көшуі керек. Өйткені жел мен күн өнеркәсіпті дамытатын тұрақты «жасыл» энергия көзі деп айтуға болмайды. Қазақстанның бұл мәселеде тәжірибесі мол. Қажетті инфрақұрылымы, тұрақты реттеуші және қадағалау органдары бар. Сондықтан біз бейбіт атомды құптаймыз және референдум кезінде Қазақстан халқы оны қолдайды деп сенеміз.

Қазақстан Ақтауда BН-350 жылдам нейтронды реакторын іске қосқан әлемдегі бірінші мемлекет болған. Ол қаланы жылытуға, электр қуатына және теңіз суын тұщытуға арналған жылу энергиясын өндірді. Ол тәулігіне 120 мың текше метр көлемінде тазартылған су бере алатын әлемдегі жалғыз ядролық тұщыландыру қондырғысы болды. Реактор 1973 жылдан 1988 жылға дейін Маңғышлақ энергетикалық зауытының құрамында жұмыс істеді. Сарапшылардың пікірінше, оны одан әрі де пайдалануға болар еді.

Михаил Чудаков, АЭХА Бас директорының орынбасары, ядролық энергия департаменті директоры:

- Қазақстан үшін атом энергетикасы танымал сала. Сіздің еліңіз кезінде Ақтауда әлемдегі ең қуатты жылдам нейтронды су тұщыту реакторын салып, ұзақ жылдар бойы пайдаланды. Қазірдің өзінде ол ең қуатты реактор болып қала береді. Оның үстіне Қазақстан уран өндіру бойынша әлемдегі нөмірі бірінші мемлекет және оның технологиялары бүкіл әлемге белгілі.

АЭХА Бас конференциясының 68-сессиясында Қазақстанның уран өндіру мен өңдеудегі жетекші рөліне ерекше назар аударылды. Сарапшылардың айтуынша, елде осы стратегиялық ресурстың қомақты қоры бар. Оны өзінің энергетикалық қажеттіліктерін өтеуге және атом энергетикасын дамытуға белсенді түрде пайдалануға кірісуі керек.

Қуаныш Омарбеков, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндіріс бойынша бас директоры:

- Бүкіл әлемдегі реакторлардың 40%-іне дейін біздің уранмен қамтамасыз етіп отырылғаны бәріне аян. Енді елімізде мемлекетіміздің Президенті жариялаған 6 қазанда өтетін референдумда оң шешім қабылданса, «Қазатомөнеркәсіп» тек шетелге ғана уран сатуымен айналыспай, осы еліміздің АЭС-іне де отын мәселесімен қамтамасыз етуге дайын. Ең маңыздысы, әрине, біз үшін ол атом энергиясын тек бейбіт мақсатта қолдануы. Ол бойынша бізде осы атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің өзіннің стандарттары бар, қауіпсіздік бойынша. «Қазатомөнеркәсіп» әрдайым жаңағы осы уранды өндеу жұмыстарын тек сол стандарттарға сәйкес жасап жатырмыз.

Әлемде 439 ядролық реактор жұмыс істейді. Олардың 64-і салынып жатыр. Жартысы Қытайда, ал Үндістанда 7 реактор бар. Ресей, Түркия және Мысырда 4 атом электр станциясның құрылысы жүріп жатыр. Оңтүстік Кореяда, Ұлыбританияда, Бангладеште, Жапония және тағы басқа елдерде де атом реакторлары салынып жатыр. Дүниежүзілік атом қауымдастығының мәліметінше, әлем елдері жер шарындағы халық санының өсуі, экономикалық даму және урбанизацияға байланысты энергия өндіруді арттырып, парниктік газдарды шығаруды азайтуға көп мән беретін болады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов