Шымкентте жасыл желек аумағы 21 мың гектарға ұлғайды
Биыл 140 мың көшет егіп, ағаш санын 6,5 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Жергілікті билік экожүйені жақсарту үшін ескі қоқыс полигонын табиғи паркке айналдырып, абаттандырады.
Мемлекет басшысы да Жолдауында экологиялық ахуалды жақсарту жайын айтқан еді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Қала аумағындағы бұрынғы қоқыс полигонының орны жасыл белдеуге айналатын болды. Мұндағы жеке тұрғын үй секторына халық көптеп қоныстанған соң, осындай шешім қабылданды. Қазір тұрмыстық қалдықтардың беті топырақпен көміліп, тозған жерді тыңайту жұмыстары жүріп жатыр.
Экопарктың жалпы жер көлемі 45 гектар болады деп белгіленді. Қазір Достық шағын ауданы мен Самал тұрғын алабы аралығындағы алқапты суару жүйесі пысықталып, жер қабатын қалпына келтіру ісі қызу жүріп жатыр. Мұнда 7 жылдан бері қоқыс төгілмесе де, тапталған тұрмыстық қалдық қалып қойған. Жергілікті жұрт қолаңса иістің азайғанын сезіп, оң өзгерісті байқағанын айтады.
Сұлтан Ақботаев, қала тұрғыны:
- Түтін шығып, пакет ұшатын еді. Тұрғындарға қолайсыздық болған. Достық шағын ауданы құрылып басталғанда сыртқа шығаруға әрекет қылды. Экопарк болады деп айтып жатыр.
Сала мамандарының айтуынша, алқапты өңдеу күз айларының соңына қарай аяқталады. Жылдам жерсінетін жергілікті тұқымбақта өсірілген емен, үйіңкі, қарағаш тұқымдастырының көшеті егіледі. Ал экологтар «жер игеру талаптары қатаң сақталса ғана топырақ астындағы қоқыстың табиғи шіруі жылдам жүреді», дейді.
Ермахан Қозыбаев, қалалық Экология департаментінің басшысы:
- Ол баяғы неше жылдық полигон болғандықтан ол жерді «свалочный газ» дейміз. Ірі көлемде газ бөлінеді. Соларды шығару үшін топырақ жамылғыларының арасына газ шығару трубаларын тастап кетіп жатыр. Ол да бір жағынан процесті жеделдету мақсатында істеліп жатқан нәрсе. Егер заң талаптарына сай жасалатын болса, неге жасамасқа?!
Биыл қала аумағына 140 мың көшет егу жоспарланған. Мамандар кәсіпкерлердің де экожүйені жақсартуға ықыласы айрықша екенін айтады. Жыл соңына дейін демеушілер есебінен қосымша 6 гүлзар салынса, мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында орталық 20 көшенің бойы абаттандыралып жатыр. Сәйкесінше, жалпы жасыл желек аумағы 385 мың шаршы метрге ұлғайтылады.
Жарылқасын Машбек, қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Жалпы 20 көшені абаттандыру барысында 36,4 шақырымды құрайтын жерде біз газон егумен қатар мемлекеттік жекешелік серіктестік аясында 52 мың ағаш көшеттерін егу жоспарлануда. Жалпы келесі жылы орман қоры мен жасыл желек аумағы 21 мың гектарға жетеді. Ол үшін аймақтағы барлық ағаш түрлеріне санақ жүргізіліп, 6,5 млн-ға ұлғайту жоспарланып отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов