Қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол апаттары артып барады
Елде қаңтар айынан бері автобустардың қатысуымен 400-ден аса жол-көлік апаты тіркелді.
Жарақат алған жүздеген адамды айтпағанда, 28 жолаушы жол үстінде көз жұмған. Қоғамдық көліктердің өзге бір көлікпен немесе аялдамаға соқтығысуы, жаяу жүргіншіні басып өту оқиғалары көбейіп барады. Ал Ішкі істер министрлігінің өкілдері жүргізушілерді даярлау сапасы нашарлап кеткенін алға тартып отыр. Себебі автомектептердің жұмысы еш қадағаланбайды. Оларға лицензия беруді ведомствоның құзіретіне қайтару мәселесі көтерілді. Ал бұл апаттардың алдын алуға қаншалықты көмектеседі?
Қазір елде 800 автомектеп жүргізушілерді даярлайды. Барлығы бірдей талапқа сай білім береді деп айту қиын. Себебі бүгінде автомектептердің жұмысын ешбір орган қадағаламайды. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха осылай деді. Сапасыз білімнің салдары - апаттың жиілеуі.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Бізде қызметіне адал автомектептер бар. Олар ашылар кезде ғимаратты тиісінше жабдықтап, білікті оқытушыларды жұмысқа алады. Алайда жалпақ тілмен айтқанда, орындық пен мөрі ғана бар автомектептер кездеседі. Өкінішке қарай қазір Ішкі істер министрлігі бұл мәселені бақылай алмайды. Бұрын автомектептерді ашу үшін рұқсатты біз беретінбіз.
Жыл басынан бері тек қоғамдық көліктердің қатысуымен 270-тен аса апат болды. 11 адам қаза тауып, 300-ден астамы зардап шекті. Куәгерлер таспаға түсірген кадрлардың санында шек жоқ.
Алматыда осындай қайғылы жағдайдан зейнеткер мертікті. Елдің есінде қалған тағы бір апатта жолаушы жүргізушіге шабуылдады. Оның да соңы адам шығынымен аяқталды. «Жол қауіпсіздігі қауымдастығының» басшысы кейінгі кезде жол жүру әдебін ұмыта бастағанымызды айтады.
Арсен Шакуов, «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының президенті:
- Жолда жолаушылардың да, жүргізушілердің де мәдениеті төмен. Кейбір адамдар жүргізушіге кедергі келтіріп, ұрып жіберсе де, ештеңе етпейді деп ойлайтын сияқты. Жол жүру мәдениетін дамытуымыз керек.
Сарапшы пікірімен тәжірибелі жүргізуші Диас Сламбеков келіседі. Күн сайын түрлі оқиғаны бастан кешетінін айтты. «Қауіпсіздікке барлық тарап жауапкершілікпен қараса игі болар еді», – дейді.
Диас Сламбеков, қоғамдық көлік жүргізушісі:
- Автобус жүргізуші болып істеп жатқаныма 14 жыл, Астанада 5 жыл болды. Жолаушылар үшін қоғамдық көлікпен қатынау жайлы болу үшін қандай басты талаптарды сақтау керек? Біріншіден, жүргізушіні алаңдаптауы керек. Оң жақтан көріністі жаппауы керек. Құлақтың түбінен кеп телефонды айғайлатып қойып отыратындар бар. Әрине, ол бізге қолайсыз. Ескерту жасаймыз, бірақ соның өзінде де шаруаң болмасын деп айтатындар көп.
Жомарт Байбеков, «№1 Автобус паркі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары
- Зерттеуден байқағанымыз, таңғы қарбалас уақытында жүздеген адам жұмысына асығып, кейбірі тіпті кешігіп жатады. Сол кезде кикілжің жиі туындайды. Жолаушылардың жүргізушіге қысым көрсеткен фактілер көп.
Жүргізушінің міндеті – олаушыны діттеген жеріне қауіпсіз әрі жайлы жеткізу. Ал жайлылық үшін көліктің техникалық ахуалы талапқа сай болуы маңызды. Ішкі істер ведомствосы: «Техникалық бақылау орталықтарының жұмысын да ретке келтіру қажет», – дейді. Байқау шарттары өрескел бұзылса, тексеру станциясының қызметін тоқтату ұсынылды.