Атырауда қоғамдық көлік жетіспейді
Таңмен таласып жұмысқа асыққан тұрғындар автобустардың тапшылығынан діттеген жеріне уақытында жете алмайды.
Сирек келетін автобусқа сыймай қалатындар көп. Ондайда келесі автобусты күтуге тура келеді, дейді наразы жұрт.
Облыс орталығына қазір 100-ге тарта қоғамдық көлік керек. Жергілікті билік мәселені реттеу үшін инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатқанын айтады.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Өткен айда қала тұрғындарының игілігіне 20 автобус сатып алынып, желіге қосылды. Қазір барлығы 230 қоғамдық көлік облыс орталығында тұрғындарды тасымалдайды. Дегенмен бұл да аз. Жауаптылар бұған қоса жүргізушілердің де жетпейтінін айтады.
Арслан Аронов, «Смарт Атырау» КММ басшысы:
- Жүргізушілер жетпейді. Д категориясы бар шопырлар жоқ. Соның кесірінен 2-3 автопаркте автобустар тұр. Жүретін автобустар, бірақ шығара алмайды. Кішкене қиындау болып тұр. Қосымша тағы да инвесторлар, тасымалдаушы керек. Оны да қарастырып жатырмыз. Қазір бір инвестор таптық. Алдағы 2-3 айда қосылса, қосымша маршруттар шығарамыз.
Қазір қаладағы бірнеше автопаркте 500-ге тарта жүргізуші жұмыс істейді. Әлі де 100-ден аса автобус жүргізушісі керек, дейді жауапты мекеме өкілі. Қоғамдық көлік саны көбейсе, жүргізушілерге де сұраныстың артатыны белгілі.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин