Ақтөбе облысында қуат тапшылығы мәселесі шешіледі
Ақтөбе облысында электр энергиясы тапшы.
Қуаттың бір бөлігі Ресей мен Қазақстанның солтүстік өңірлерінен тасымалданады. Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірге жұмыс сапарымен барып, энергетика саласының мәселелері, сонымен қатар білім беру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстармен танысты.
Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы «Бадамша» және «Бадамша-2» жел электр станциялары жылына 37 мың үй шаруашылығын қамтамасыз ететін энергия өндіреді. Алайда сарапшылар баламалы қуат көздерімен қатар тұрақты энергетика мәселесін шешу қажет, дейді. Себебі «жасыл энергияның» үлесі елдегі жалпы электр энергиясы көлемінің 6 пайызына ғана тең.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Болжам бойынша болашақта 2035 жылға дейін 150 млрдтан астам квт/сағаттан астам энергия керек болады. Ал біздің бар электр станцияларымыз оны толық қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ. Сондықтан біз диверсификация жасауымыз керек. Оның бір жолы - атом электр станциясын салу мәселесі. Сондықтан ол өте үлкен тұрақты, базалық режимде істейтін, тиімділігі жоғары, 90 пайыз энергия.
Өндірістік кәсіпорындар ₸1,7 трлн тауарын өндірді
Президент өз жолдауында өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдалану үшін шикізатты терең өңдеуге басымдық беру қажет деді. Үкімет басшысы жұмыс сапары барысында бұл саланы да назардан тыс қалдырмады. Елдегі рельс-арқалық зауыты бірегей кәсіпорын саналады. Жылына 430 мың тонна шойын жол шығарады. Ал тауарлы сүт фермасы жылына 40 мың тоннадан астам сүт өнімдерін ұсынып отыр. Сонымен қатар премьер-министр коммуналдық шаруашылыққа қажетті құрал-жабдықтар мен бұйым түрлерін шығаратын өндіріс орны қызметімен де танысты.
Дмитрий Шрамко, компанияның бас директоры:
- Біз сауда-саттықтан бастадық. Қазір өндіріске келіп отырмыз. Бұл зауыт нарықтағы коммуналдық шаруашылығы сұраныстарын қамтамасыз ету үшін ашылған. Сорғылау станциялары, кәріз жүйесінің сорғылау станциялары, су тазарту жүйелері мен жылыту пунктерін жасап шығарамыз.
134 білім ұясы ауыл мектептерін дамыту жобасымен қамтылды
Олжас Бектенов өңірге жұмыс сапары барысында Бадамша ауылындағы орта мектепте болды. Оқу ордасы «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» республикалық жобасына енген.
Айна Дүйсекова, мектеп директоры:
"Қазақстан халқына" қорынан 250 млн-ға жаңа жиһаздар және жаңа құралдар келді. 25 кабинет толық жабдықталған. Оның нәтижесін біздер міне бір жылдан кейін көріп отырмыз. Білім сапасы өсті бізде.
Шалғайдағы мектептерде білім сапасын арттыру мақсатында қолға алынған пилоттық жоба аясында Ақтөбе облысында 12 тірек мектеп іріктеліп алынды. Әрқайсысына 3 магнит білім ордасы бекітілген. Барлығына білікті мамандар ортақ дәріс береді. Жалпы өңірде ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту жобасы аясында 134 мектеп қамтылып отыр.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов