Түркістан облысында жерасты суы каналдарының бітелуінен егістік құрғап қалды

Түркістан облысының Шардара ауылында шаруалар қашыртқы сулардан зиян шегіп отыр.

Алатау ауылдық округінде жылдар бойы жерасты суы жиналатын каналдардың тазаланбауынан диқандардың егістіктері құрғап қалды. Себебі мақталықтар мен көкөністерге ағын су жіберсе, жерасты суы көтеріліп топырақ сорланып кетеді, дейді мамандар.

- Мына поля сор. Каналымыз бетондалмаған. Қашырқыларымыз қазылмаған. Соның кесірінен мақталарымыз мынадай болып жатыр. 

Алатау батыр ауылының тұрғыны Мақсат Яхияев биыл 8 гектар жерге мақта, 4 гектар жерге жоңышқа еккен. Бірақ жерасты суының көтерілуіне байланысты мақтасын суғара алмапты. Оның үстіне топырақ сорланып кеткен. Енді мақтасының шығынын кімнен сұрарын білмей дал. 

Мақсат Яхияев, шаруа:

- Бір гектар жерге үш жүз мың теңгедей ақша шығарып отырмыз. Дәрісі бар, басқасы бар. Енді мына жердегі мақтадан ондай өнім аламыз деп ойламаймыз. 

Қашыртқы каналдарының жанына жоңышқа еккен Қонай Қалдықұлов та биыл жоңышқасыз қалды. Себебі шілде шыққалы бірде-бір рет су бере алмаған. Жердің тозып, сор басып кеткенін жауаптыларға жеткізіп, көмек сұрағанымызбен нәтиже болмай тұр, - дейді.

Қонай Қалдықұлов, шаруа:

-- Он гектардың 4 гектарында жақсы өсіп тұр. Қалған алты гектарында жоқ. Бір де бір су ішкен жоқ. Ертең анау салық сұрайды. Бала-шағамыздың қыстық азығы бар. Сондай болып тұр енді. 

Қашыртқы судан зардап шеккен шаруалардың қатары күннен күнге көбейіп барады. Себебі оларды қазып, реттеу жұмыстары жылдан-жылға созылып келеді, - дейді жергілікті маман. 

Мансұр Әлімбеков, су реттеуші:

- Арғы бетінде күріш егудің кесірінен мына қашыртқы толған. Сөйтіп, біз шаруалар ана жерді көмгенбіз. Оны ашсақ, судың астында қалып кетейін деп тұрмыз. Өзі алған адамдар тастап та кеткен. 

Өзекті проблеманы ауданның суға жауапты мамандары жақсы біледі. Бірақ оны жөндеу жұмысы ауқымды жоба аясында атқарылады деп отыр.

Ермек Смайылұлы "Қазсушар" РМК Шардара өндірістік филиалы басшысының орынбасары:

- Қашыртқылар ПУИД бағдарламасы арқылы жасалу қажет. Ағымдағы жылы вегетациялық су беру науқанына сәйкес су берген уақыттан кейін ол кісілер ары қарай жұмыстарын жалғастыратын болады. 

2016 жылы басталған ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру жобасы карантин кезінде құрылыс материалдарының қымбаттауынан  тоқтап қалған. Дегенмен жауаптылар аяқсыз қалған жұмыс келер жылы бітеді деп сендірді. Ал еңбегі еш кеткен шаруаларға күтуден басқа амал жоқ.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов