Павлодарда заңсыз құрылыс нысандары сүріледі

Павлодарда рұқсатсыз салынған 8 құрылыс нысаны сүрілетін болды.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі жүргізген мониторинг жер заңнамасының өрескел бұзылғанын анықтады. Соңғы кезде рұқсат құжатынсыз жеке үй немесе коттедж салуға жер алып, оны кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатындардың саны артқан. Мысалы, Восточный шағын ауданында дүкенге жапсарлас салынып жатқан қосалқы ғимараттың құрылысы тоқтады. Заңсыз құрылыс иесі оны өз қаражаты есебінен бұзуға мәжбүр болады. Дәл осындай нысан академик Марғұлан көшесінде де анықталды.

Тимур Сейітқалиев, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:

- Павлодар қаласының аумағында заңсыз, өз бетінше құрылыс салу үрдісі пайда болды. Қарапайым сөзбен айтқанда адамдар кәсіпкерлік нысанды рұқсатсыз салады. Біз тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, қажетті ақпаратты жинап, сот органдарына талап арыз береміз. Өзбетінше салынды деп танылған барлық құрылыс нысандары бұзылады.